Ақтөбеде екі ауылдың атауы қазақшаланады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында Первомайка және Болгарка ауылдарының атауы қазақшаланады. Сонымен бірге 29 көшеге қайта атау беріледі.

Комиссия
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Ақтөбе облысында былтыр Родниковка және Вознесеновка ауылдарының атауын қазақшалау үшін республикалық ономастикалық комиссияға ұсыныс берілді. Родниковка ауылы Бұлақты, Вознесеновка ауылы Аққұдық болады. Сонымен бірге былтыр идеологиялық тұрғыдан атауы ескірген 3 білім беру ұйымының атауы өзгерді. Қобда ауданында Калиновка мектебі Бесқұдық, Калиновка ауылындағы бөбекжай-бақшасы Жерұйық, Хромтау ауданындағы Просторный бастауыш мектебі Жазық болып өзгерді.

- 2028 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. Идеологиялық тұрғыдан ескірген елдімекендер, оның құрамдас бөліктері қайта өзгереді. 2025 жылы Мәртөк ауданы Первомайка ауылын Бірлік, Алға ауданы Болгарка ауылын Шуақсай деп өзгерту жоспарға енгізілді. Сонымен бірге Ақтөбе қаласы, Шалқар, Мұғалжар, Алға аудандарындағы 29 көшені қайта атау қарастырылады. Облыста 61 көшеге атау беру жоспарланды,- деді Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Амангелді Қонақбаев.

Айта кетейік, Ақтөбеде жергілікті атқарушы органдардағы құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі 97,5% жетті. Облыстағы мемлекеттік тілді меңгерген ересектердің үлесі 86,2%, ал тілдің қоғамда қолданылуы 82% болып тұр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Орал қаласында 16 бөбекжайдың атауы қазақшаланды

Соңғы жаңалықтар