Ақтөбеде студенттің өліміне қатысты іс сотта қаралып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде студентті өлтірді деген күдікке ілігіп, тергеу изоляторына қамалған 6 жігіт бүгін сот залына жеткізілді. Оларға Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылып, айыптау актісі оқылды.

Ақтөбеде екі студенттің өліміне қатысты іс сотта қаралып жатыр
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Оқиға биыл қаңтар айында болды. Іс материалына сүйенсек, Ақтөбе қаласы Ақжар елдімекенінің тұрғыны Instagram әлеуметтік желісі арқылы Қызылжар елдімекенінің тұрғынымен сөзге келіп қалады. Бірі екіншісінен қыздың телефон нөмірін сұраған. Кейін екеуі қаладағы Алмаз дүкенінің жанында кездесуге уағдаласады. Айыпталушы үйінен пышақ ала шыққан. Сөйтіп жан-жақтағы достарына хабарласып, кездесіп, өз жанына ертеді. Мемлекеттік айыптаушы Азамат Бақытжанов қылмыстық оқиға болған күні бірнеше айыпталушының үйінен пышақ ала шыққанын жеткізді. Олар дүкен алдында кездесіп, бір-бірімен сөзге келіп қалған екі жігіт өзгелерден жыраққа шығып, сөйлеседі. Сөзден жанжал туып, сол кезде екі айыпталушы жәбірленушінің оң жақ жамбасының артқы тұсынан пышақ сұққан.

- Жәбірленуші 3 қаңтар күні сағат 01:24-те көпсалалы ауруханада жан тапсырды. Төртінші дәрежелі геморрагиялық шок алып, көп қан жоғалтқаннан көз жұмды, - деді мемлекеттік айыптаушы Азамат Бақытжанов.

Дүкен алдында жаппай төбелес болып, студент көз жұмды. Екі жігіт жараланып, ауруханаға жеткізілген. Бүгін соталды тыңдау кезінде айыпталушылар Алқа билерден бас тартты. Ал айыпталушылардың қорғаушылары істі тергеуде шикілік кеткенін айтып, істі қайта тергеуге жіберуді сұрады.

Еске салсақ, биыл 3 қаңтарда Ақтөбе қаласында бір топ жігіт төбелесіп қалды.  Қылмыстық оқиға кезінде екі жігіт көз жұмып, 6 адам ұсталды.

Соңғы жаңалықтар