Ақтөбеде екі адамның өліміне 16 айыпталушы жауап береді

Оқиға былтыр қазан айында болды. Ақтөбедегі Елек өзенінің жағасынан екі адамның денесі табылды. Екеуін де қинап өлтірген. Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Өркен Ещановтың хабарлауынша, хабар алдымен қалалық полиция бөлімі жедел басқару орталығына түскен. Онда Кеңес Нокин даңғылы бойында орналасқан «Оазис» монша кешеніне қарсы беттегі Елек өзенінің жағасында белгісіз адамдардың денесі табылғаны айтылды.
«Келіп түскен ақпаратты тексеру үшін оқиға орнына облыс прокуроры мен жедел тергеу тобы барды. Ағаштар арасынан 1991 жылы туған А. Көшкімбаев және 1995 жылы туған С. Тулеуовтың денесі табылды. Екеуін де қинап өлтіргенін дәлелдейтін белгі бар. Сол себепті, аталған дерекке байланысты Алматы ауданы №3 қалалық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-тармағы 2-бөлігі негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізді. Қылмыстық іс бойынша процесс прокуроры тағайындалды», - деген болатын Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Өркен Ещанов.
Ал бүгін облыстық соттың баспасөз қызметі істің сотқа түскенін хабарлады.
«Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына «Миллионер» түнгі клубындағы адам өліміне қатысты іс түсті. Барлығы 16 айыпталушы, олардың арасында клуб қызметкерлері де бар. Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру», «Бұзақылық», «Адамды ұрлау» баптарымен іс қаралады. Клуб қызметкеріне қылмысты жасырып, дер кезінде хабар бермегені үшін айып тағылып отыр. Айыпталушылардың жасы 18-29 жас аралығында. Ал клуб қызметкері 35 жаста. Барлығы 6 жәбірленуші бар. Оның екеуі қаза болған. Сот алды тыңдау уақытын қосымша хабарлаймыз», - деді облыстық соттың баспасөз қызметі.