Ақтөбеде екі баласымен жоғалып кеткен әйел табылды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылдық округінде тұратын Жеңісгүл Жұмашева табылды. Талдықорғандағы Сарыөзек ауылында жүрген келіншекті полиция қызметкерлері Ақтөбе облысына жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысы, Жарқамыс ауылдық округі, Қызылжар ауылынан өткен жылдың қазан айында шығып кеткен Жеңісгүл Жұмашева еліміздің өзге өңірінен табылды. Ол Сарыөзек ауылында жұмыс істеп жүріп, баласының туу туралы куәлігін жоғалтып алған. Содан туған ауылына қайта оралмаған.
«Жеңісгүл Жұмашева жұмыс істеп, баласының куәлігін жоғалтып алған кезде пойызға билет ала алмаған. Кейін көлік полициясы көмектесіп, оны Байғанин ауданына дейін әкелді»,- деді Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Жеңісгүл Жұмашева 6 және 8 жастағы ұл-қызымен бірге белгісіз бағытқа кетіп қалып, қыс айларында табылмады.
Полиция 27 жастағы келіншектің жоғалғанын хабарлап, жан-жаққа ақпарат таратты. Ал Жарқамыс ауылдық округі әкімдігінің хабарлауынша, Жеңісгүл Жұмашева кетіп қалған соң күйеуі қайтыс болған.
