Ақтөбеде «Екі езу» театры облыстық филармония ұжымына қосылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі «Екі езу» сатира театры Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымына қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде «Екі езу» театры облыстық филармония ұжымына қосылды

«Екі езу» сатира театры 2001 жылы құрылып, 17 адам жұмысын бастады. Ал 2013 жылы сатира театры Тахауи Ахтанов атындағы драма театрдың құрамына қосылды. Биыл сатира әртістері Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымының құрамына енгізіліп жатыр. Көркемдік жетекші қызметін Нұрлыбек Жұбатқан атқарады. Сатира театрын бөліп, филармония ұжымына қосу туралы ұсыныс облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа жолданған.
null 

«2013 жылы Ақтөбеде мәдениет ошақтарын оңтайландыру жүйесімен «Екі езуді» Т.Ахтанов театрына қосты. Директор, бас есепші мен директордың орынбасары қызметі қысқарды. Одан өзге мамандар Тахауи Ахтанов атындағы драма театрдың құрамына өтіп, труппа болып тіркеулі тұрды. Яғни, Ақтөбенің брендіне айнала бастаған шығармашылық ұжымның аясы тарылып, қып-қызыл қиянат жасалды. Өзім іргетасын қалаған «Екі езудің» тағдырын ойласам, әлі күнге ішімді ит тырнайды. 1998 жылы нарықтың әсерінен тұрмысы нашарлаған халықты күлкімен көңілін көтеріп еді. Театрдың «Айтқыштар Ақтөбеде», «Қазақтың қалжың әндері-ай», «Ән сарайы», «Ақтөбефильм» атты жобалары және «Ақ төбетей» атты қуыршақ отауы болды», - деп жазды Нұрлыбек Жұбатқан өз ұсынысында.
null 

Ол өз сөзінде сатира жанрын дамыту, «Екі езуді» Ақтөбенің брендіне айналдыру жолын таңдағанын айтты.

«Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтан «Екі езуді» сатира театры етіп қалпына келтіріп, қазақ сатирасына қамқорлық жасауды сұрадым. Ақтөбеде театр жанынан киностудия ашқымыз келеді. Балаларға арналған мультфильмдер шығару туралы да ойымыз бар»,- деді ол.

Қазіргі уақытта ұжым филармония құрамына өтіп жатыр. Бірақ ұжымның негігі арманы - дербес театр болып құрылып, жұмысты жетілдіру.