Ақтөбеде екі күнде жол апатынан бір бала көз жұмып, 4-еуі жарақаттанды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Батыс Қытай - Батыс Еуропа бағытындағы тасжолдың Сарыжар ауылы маңында оқушыны көлік қағып кетті. Ол оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысында соңғы екі күнде жол-көлік апатынан бір бала көз жұмып, төрт бала жараланды. Барлығы 4 жол-көлік оқиғасы болды.
«Mitsubishi lancer көлігінің 29 жастағы жүргізуші Ақтөбеден шығып, Мәртөк ауданына бағыт алған. Ол Сарыжар ауылы маңында жолды кесіп өтіп бара жатқан жасөспірімді соққан. 13 жастағы жаяу жүргінші оқиға орнында алған мерт болды. Жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі, яғни, «Адам өліміне әкеп соқтырған көлік құралын басқаратын адамның жол ережесін бұзуы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды»,- деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Айта кетейік, Ақтөбеде оқушылар мінген көлік аударылып, волейболдан жарысқа келе жатқан бір жас спортшы көз жұмды. Қазіргі кезде жарақат алған 8 бала мен жаттықтырушы ауруханада ем алып жатыр.
Ал жүргізуші рульде қалғып кеткен.