Ақтөбеде ер адам 19-қабаттан секіріп кетті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбедегі 25 қабатты үйдің 19-шы қабатынан ер адам секіріп кетті. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Оқиға бүгін түнгі сағат 02:00 шамасында болды. Ақтөбе қаласындағы 11 шағын ауданда орналасқан 25 қабатты үйден ер адам секіріп кетті.
— № 112 «В» үйінің 19 қабатынан 1995 жылы туған ер адам секіріп кеткен. Себептері анықталуда. Өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Айта кетейік, Ақтөбедегі дәл осы 25 қабатты үйден секіріп, өз-өзіне қол жұмсайтындар көп. 2020 жылы мұнда қыз бен жігіт секіріп кетіп, көз жұмды.
Былтыр 5 айда Ақтөбе облысында 168 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Оның 47-і көз жұмды.
Ақтөбе облыстық прокуратура басқармасының прокуроры Асхат Макаев сол кезде суицид жиі жасалатын орындарға мониторинг жүргізіп, оларды болдырмау үшін шаралар қабылдауды ұсынды.
Әсіресе 25 қабатты тұрғын үй кешеніндегі балконның ашық учаскелеріне қоршаулар орнату міндеттелді.
«Шатырға шығатын есіктерді құлыптау міндеті кондоминиум төрағалары және мүлік иелерінің бірлістігі басқарушыларына жүктелуі тиіс. Сонымен бірге суицидтің алдын алу жөніндегі ведомствоаралық топ құрып, әрбір фактіні зерттеген дұрыс. Қайғылы оқиғаны болдырмау үшін арнайы тетіктерді әзірлей отырып, себептерді айқындау, оның ішінде халықаралық тәжірибені зерделеу және оны енгізу туралы хат жолданды. Бұл мәселе облыс прокуратурасының ерекше назарында», — деді прокурор Асхат Макаев.