Ақтөбеде ерлі-зайыптыны өлтіріп, әйелді кепілде ұстаған сотталушы жауап берді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Екі адамды өлтірді, әйелді кепілде ұстады деп айыпталып жатқан Сәрсенбек Басанов сотта кешірім сұрап, тағылған айыпты ішінара мойындады. Ол бұл қадамға жәбірленуші келіншектің өтінішімен барғанын айтты.

cjn
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы Сәрсенбек Басановқа қатысты істі қарау жалғасты. Соттталушы биыл қаңтар айында болған оқиғаның мән-жайын айтып берді.

- Сотқа қатысушылардың бәрінен кешірім сұраймын. Қатты өкінемін. Биыл 13 қаңтарда Қазтуғанова (жәбірленуші, кепілде болған келіншек - ред.) маған телефон шалып, «ата-анаммен арада проблема бар, көмектесіп, сөйлесіп берші. Олар менен құтыла алмай жүр» деген сияқты әңгіме айтты. Мен «қашан, қалай барамын, үйге кіргізбейді ғой» дедім. «Талай кіріп жүрдің ғой, солай кірсеңші» деді. Мен үйге кіре алмайтынымды біліп көршінің шарбағынан секіріп, қолымдағы екі отверткамен жазғы үйдегі терезені аштым. Кейін соның ішінде отырдым. Үйден шығады, сөйлесемін деп ойладым. Арада біршама уақыт өткенде машинаның оталғаны естілді. Бір жаққа кетіп бара жатыр, бәлкім баланы сабаққа апара жатыр деп ойладым. 20 минуттан кейін өгей әкесі жазғы үйге кіреді, тоңазытқышты ашады, бірдеңе алып ішеді, қайта орнына қойып кетеді. 1 сағаттан кейін Э.Қазтуғанованың өзі кіреді. Сұйық сусабынды алып шығып кетеді. Үндеген жоқпын, - деді сотталушы С.Басанов.

Осыдан кейін сотталушы жәбірленушімен сөйлескенін, бір сөзінде оған ештеңе демей жасырынғанын айтты. Түсте аула ішіндегі сарайға марқұм Зина Шаймағанбетова кіріп, жасырынып отырған Басановты көреді. Ол қолына түскен заттарды лақтырып, қорғана бергенде сотталушы пышақ сұғып алады. Жансыз денені сол кезде жертөлеге тастаған. 

қылмыскер
Фото: Алтынай Сағындықова

- Кейін Э.Қазтуғанова келді. Екеуіміз айқай-шусыз сөйлестік. Болған жағдайды айттым. «Өгей әкем бар, оны не істейміз» деді. Мен «оның қатысы жоқ, онымен сөйлеспейміз, осы жерден қайтып, істі мойындаймыз» дедім. Қанды бірге сүрттік, ол көмектесті, тазаладық, бәрін жинадық. Сөйтіп отырғанда сырттан өгей әкесі кіріп келеді. Кіріп келеді де қорыққан жоқ. Эльмираны көріп, «Не істеп отырсыңдар?» деп сұрады. Қасына барып, амандасамын деп ойладым. Өлтіремін деген ой болмады. Соққы беріп, құлатып, қашып кетемін деп ойладым. Менің қолымда қару болмады. Ол ағаш сапты пышақты ұстап, сермей бастады. Бір кезде Эльмира балтамен келіп ұрады. Ол менің арқама тиді. Мені емес, өгей әкесін ұрып жатыр екен ол. Әлиев құлады,- деді сотталушы.

Сотталушы С.Басановтың айтуынша, әрі қарай айқау-шу болып, екеуі денені жертөлеге тастағанын, марқұм Зина Шаймағанбетованы өлтіргенін мойындайтынын айтты. Ал Әлиевті өлтірмегенін, Э.Қазтуғанованы осы ісін мойындату үшін кепілге алғанын мәлімдеді.

- Мен сені кепіл ретінде аламын. Өз істегеніңді мойындайсың деп айттым. Ол «мойындаймын» деді. Кепілге алған соң есікті ағашпен, ас үй үстелімен бекіттім. Кірсе өзімді өлтіріп, Мираны (кепілде болған келіншек – ред.) тірі қалдырамын деп ойладым. Мираның маған «оңалту орталығына жатқызбасын, жұмысқа орналасайын деп едім. Еркіндік керек, қайда барғым келеді, не істеймін соған еркіндік керек, сөйлесіп берші» деді. Бары осы,- деді сотталушы.

Еске салсақ, биыл 13 қаңтар күні Ақтөбеде ер адам әйелді кепілге алды. Оқиға орнында болған үш адамның екеуі көз жұмды. Біреуі ауруханаға түсті. Бірден қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүрді. Кепілде болған әйел бірнеше күн ауруханада ем қабылдады. Екі апта бұрын сот алды тыңдауы өтіп, айыпталушыға Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру», «Бас бостандығынан заңсыз айыру», «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» баптары бойынша айып тағылды. 

Соңғы жаңалықтар