Ақтөбеде ерлі-зайыпты азаматтар коронавирус инфекциясын жұқтырды
«Бұл екі жағдай кеше тіркелді. Барлығы облыс бойынша 7 адам індетке шалдықты. 1 сәуір күні қала тұрғыны емдеу мекемесіне барған. Ол тынысы тарылып, қызуы көтерілгенін айтқан. Сол кезде емдеу мекемесінің арнайы бөлмесіне оқшауланып, жедел жәрдем шақырылды. Провизорлық госпитальге жатқызылып, қарым-қатынаста болған адамдар анықталды. Олар: отбасы, туыстары, әріптестері мен көмек сұрап барған емдеу мекемесі. Барлығы 56 адам карантинге жатқызылды. Вирусологиялық тексеруден соң бірден арнайы палатаға ауыстырылды. Содан кейін әйелінен табылды. Ол да ауруханаға жеткізілді», - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.
Айта кетейік, індетке шалдыққан ерлі-зайыптылар тұрған көпқабатты үйдің бір подъезі карантинге жабылды. Олар 14 күн бойы үйде отырады. Азық-түлік пен дәрі-дәрмекке тапсырыс бере алады. Туыстары да жеткізіп береді. Қазір полиция бақылауға алды. Ал тағы 13 подъездің тұрғындары тек жұмысқа, азық-түлік дүкеніне бара алады. Сонымен бірге емдеу мекемесі карантинде.
«Індет жұқтырған ер адамның Алматы, Нұр – Сұлтан қалаларына іссапармен барғаны анықталды. Кейін тексеру кезінде әйелінен табылды. Екеуінің де жағдайы тұрақты. Қажетті ем жүргізіліп жатыр», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.