Ақтөбеде есепші мұғалімдерге 51 млн теңгеден астам қаржыны артығымен аударып жіберген
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Бұзушылықты облыстық мемлекеттік ішкі аудит департаменті анықтады.

Шалқар ауданындағы №5 мектеп лицейінде аудиторлық тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 51 400 000 теңге болатын бұзушылық дерегі анықталды.
- Мектеп есепшісі мұғалімдерге еңбекақыны артығымен төлеген. Былтыр 19 млн теңге, ал биыл 32 400 000 теңгенің бұзушылықтары анықталды. Мұғалімдер ақшаны былтыр түгел қайтарды. Биыл да қайтарғанын айтып, түбіртек тапсырды. Алайда бюджетке түсіп, түспегенін нақтылаймыз. Биыл «Онлайн бюджеттік мониторинг» қосымшасы іске қосылып, қазір сол арқылы тексеру жүргізіледі. Бұл мемлекеттік, бюджеттік мекемелерге бармай-ақ қашықтан бақылауға мүмкіндік береді, - деді Ақтөбе облыстық мемлекеттік ішкі аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов.
Сонымен бірге ішкі аудитке Жоғарғы спорт шеберлігі мектебінен шағым түсті. Онда бапкерлер іссапарға бармай-ақ жалақымен қатар қосымша ақша алғаны анықталды. Шығын – 3,4 млн теңге. Тексеру кезінде Ақтөбе облыстық мемлекеттік ішкі аудит департаменті Шымкент қаласына сұраныс жіберіп, ақтөбелік құраманың оқу-жаттығуға мүлде қатыспағанын білді.
Айта кетейік, биыл бірінші жартыжылдықта 76 аудиторлық тексеру жүргізілді. Барлығы 75 лауазымды тұлғаға қатысты 150 әкімшілік іс қозғалып, 12 млн теңге айыппұл салынды. Ал 99 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды.
Еске салсақ, Шалқар аудандық Сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы екі мердігерден миллиондап пара алғаны үшін айыпталып жатыр. Бірі су желілерін қайта жаңғырту, екіншісі тұрғын үйге инженерлік инфрақұрылым тарту жобаларының мердігері.