Ақтөбеде Есет батыр кесенесінің жанына монумент салынып жатыр

Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Бестамақ ауылындағы Есет батыр кешені жаңартылуда. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында кәсіпкер 32 миллион теңге бөліп, биіктігі 11,5 метр болатын монумент салынып жатыр. Бірнеше аптадан соң құрылыс жұмыстары аяқталады.
«Есет батыр монументі мен өзге де ілеспе жұмыстарды 10 қазанға дейін бітіруі қажет. Өйткені күзде біз қазақ қолбасшысының 350 жылдық мерейтойын атап өтуді жоспарлап отырмыз»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, Есет батыр кешенінде кесене, мұражай мен адамдарға қызмет көрсететін асхана бар. Кесене 1992 жылы салынды. Биыл өңірде батырдың 350 жылдығы өтеді. Есет батырға арнап Ақтөбе қаласында ескерткіш орнату жоспарланған. Сонымен қатар, өңірде Есет батыр атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың жаңа ғимараттары іске қосылады. Әрі 22-23 қыркүйекте «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында ғалымдардың қатысуымеен «XVII-XVIII ғғ. қазақ-жоңғар қақтығыстарындағы халық батырларының рөлі: қазақ бірегейлігінің қалыптасуы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді.