Ақтөбеде есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеу жалғасып жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде есірткі заттарын сақтап, сатумен айналысқан 7 күдіктіге қатысты тергеу жүріп жатыр. Оларға қатысты тағы да қосымша айып тағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеу жалғасып жатыр

Ақтөбе облыстық ПД Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҚР Ұлттық Ұланның жасағымен бірлесіп, оңтүстік өңірлерінен Ақтөбе облысының аумағында аса ірі мөлшерде марихуана және гашиш тасымалдаумен, сақтаумен және өткізумен ұзақ уақыт бойы айналысқан 7 адамды ұстаған болатын.

Күдіктілерден 25 келі марихуана, 5 келіден астам гашиш тәркіленді.

«Бұған дейін есірткі заттарын сақтау, тасымалдау, сатумен айналысқаны үшін тергеу жүрді. Енді ҚР ҚК 262-бабының 1, 2-тармақтары негізінде есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды жасау мақсатында ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар тіркеліп, тағы да қосымша айып тағылып жатыр», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.