Ақтөбеде ет қаншадан сатылып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде сиыр етінің келісі 3300-4000 теңге болып тұр. Ал егер базарға барып таңдап, сиыр сойып алсаңыз келісін 2700-2800 теңгеге есептеп береді. Kazinform тілшісі мал бағып сатушылармен, тасымалдаушылармен сөйлесті.

Мясо без риска: что происходит на рынках Астаны
Фото: Kazinform

Қай заттың да бағасы тапшылық болғанда көтеріледі — шаруа

Ақтөбе облысы аудандарындағы шаруалар баққан малды қалаға тасымалдап, мал базарға шығарады. Ал кейде делдалдар сол ауылдағы шаруашылық басынан алып, қалаға әкеліп сатады. Баға да соған сай өзгеріп отырады. 

— Бәлкім ірі қара басы азайған шығар. Қай заттың да бағасы азайғанда көтеріледі. Қазір газ, бензин бағасы, азық-түлік құны көтерілді. Ет бағасы неге сол күйі қалуы керек? Былтыр сиыр етінің келісі 2200-2300 теңге болды. Қазір келісі 2700-2800 теңге. Бұл көтерме баға. Яғни, сиырды таңдайды, сойып, сол күйі сатып алады. Ауылда еліміздің оңтүстігінен келіп мал жинап, алып кететіндер бар. Олар да күнкөрістің қамымен жүрген адамдар, — деді мал шаруашылығының иесі Қайрат Дәулетов. 

Оның айтуынша, баспақты салмағы 100 келіден асқанда, сиырды салмағы 150-200 келі тартқанда сатады. Бағаны есептеген кезде салмағын 2700-2800 теңгеге көбейтеді. 

— Ірі қара мен қойды бағу қиын. Соңында адам жүру керек. Бейнеті көп шаруа. Ал жылқы малы далалықта жүреді. Анда-санда қарап, түгендеп қоямыз. Қазір ауылда мүйізді ірі қарадан гөрі жылқы саны артып келеді. Менің ойымша сиыр мен қой етінің бағасы қымбаттаса, мал басы көбейетін шығар, — деді Қайрат Дәулетов.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Баға жыл сайын өзгереді — сатушы

Ақтөбе қаласындағы мал базарынан қой-ешкі, мүйізді ірі қара мен жылқыны тірілей сатып алуға болады. Мұндағы адамдардың көбі делдал қызметін атқарады. Сатушылар бағаның биыл көктемнен бастап көтерілгенін айтып берді. 

— Былтыр көтерме баға келісіне 2200 теңге болса, қазір оның құны 2800 теңгеге жетті. Ауылдан көтерме бағада сатып алып, мал базарға әкелеміз. Мен ірі қараны қарап, салмағы қанша тартатынын шамамен білемін. Жобалап баға қойылады. Егер ет комбинатына өткізсек тірілей өлшеп, келісін 1500 теңгеге береміз. Ал сойып сатса, келісі 2800 теңге болып шығады. Баға қалай өзгерді? Біз ауылға барып, ірі қараны аламыз. Бізбен қатар Өзбекстаннан келген делдалдар да жүреді. Сиырды 200 мың теңгеге сатып алмақ болсам, Өзбекстаннан келгендер 300 мың теңге ұсынады. Сөйтіп олар қымбатына өткізеді. Қазір бізге қарағанда сол жақта ет бағасы жоғары, — деді мал базардағы сатушы Мырзабек. 

Сондай-ақ Ақтөбеге көршілес Ресейден де сиыр еті тасымалданған. Тек рубль бағасы өскенде бұл бағыттағы сауда-саттық өзгерді. 

— Қазір Ресейден ет тасу тиімсіз. Қазақстанға әкеліп сатса бағасы қымбатқа шығып, өтпейді. Ал Өзбекстанға тасымалдайтындар аудан, ауылға ғана емес, қаладағы мал базарына да келіп алып кетеді. Үлкен жүк көлігімен барып, құжаттары реттелген ірі қараны тиеп алады. Бәрі заңды. Шамамен бір барғанда 40-50 бас сатып алады. Бұрын да сатып алатын. Бірақ ол кезде бағаға қатты әсер етпеді. Олардың айтуынша, Өзбекстаннан әрі қарай өзге елге тасымалданатын секілді, — деді Мырзабек.

Оның айтуынша, қыста баға тағы өзгеруі мүмкін. Себебі бордақылау орындары екі ай бұрын баспақты 250 мың теңгеден қабылдаса, қазір 300 мың теңгеге жетті.

Ірі бордақылау орындары мен ұсақ шаруашылықтар сатып алып, семіртіп, бірер айда қайта сатады. Бүгінде базарда баспақ 300-350 мың, қашар 350-400 мың, сиыр 550-600 мың теңге болып тұр. 

— Қой бағасында да өзгеріс бар. Оны да жүк көлігімен тиеп кетіп жатыр. Тіпті мұздатқан қалпында да алады. Қой етінің көтерме бағасы келісіне 2700-2800 теңге, — деді ол.

Мясо без риска: что происходит на рынках Астаны
Фото: Kazinform

Ет бағасында өсім бар — статистика 

Ақтөбе облысында ет бағасы өскен. Облыстық статистика департаменті 8 айда да, тіпті соңғы бір айда да бағаның ұдайы жоғарылап тұрғанын айтты. 

— Биыл 8 айда ет бағасы 10,7 пайызға өсті. Оның ішінде сиыр еті 15,7%, жылқы еті 6,9%, қой еті 10,3%, құс еті 11,6% артты. Тамыз айында да ет бағасы өсті. Оның ішінде сиыр етінің бағасы 2,9%, жылқы еті 6,9%, қой еті 4,8%, құс еті 5,1% артты, — деді Ақтөбе облыстық статистика департаменті баға басқармасының басшысы Шара Нұрпейісова. 

Ал Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ет бағасын тұрақтандыру үшін мал бордақылау алаңдарына 100 млн теңге айналым қаржысын бөлді. 

— Ақтөбе облыс бойынша ірі қара мал басының саны — 615 045. 2025- 2026 жылғы мал қыстатау науқанына 492 036 шартты мал басы түседі деп жоспарланған. Облыста ет бағасын тұрақтандыру мақсатында мал бордақылау алаңдарына Аграрлық несие корпорациясы арқылы 100 млн теңге несие беру көзделді. Қазіргі кезде біраз өтінім түсті. Несие үстемеақысы — 5%. Талап бойынша бордақылау орындары қаржының 70 пайызына мал сатып алуы тиіс. Сонымен бірге бұқашықтардың кемінде тең жартысын отандық ет өңдеу кәсіпорындарына өткізуі керек, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы. 

Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов өңірлерде шамамен 50 мың тонна ет қоры бар екенін айтқан. Бұл қор бірнеше айға жетеді.

Оның айтуынша, баға реттеу механизмі жергілікті әкімдіктерге тиесілі. 

Соңғы жаңалықтар