Ақтөбеде эвакуацияланған қала тұрғындары мектептерге орналастырылды

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласы маңындағы бау-бақша ұжымдарын су басып, тұрғындар эвакуацияланды. Олар қазір мектептерге орналастырылды.

Ақтөбе қаласы бойынша 73 үйге су кіру дерегі анықталды. Салдарынан 155 адам эвакуациялық пунктке орналастырылды. Қазір қала бойынша 18 эвакуациялық пункт 4 мыңнан астам адам қабылдай алады. Қала әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бисембиннің айтуынша, көбі тума-туысына орналасқан. Тұрғын үйлермен қатар №8, 18, 63, 72 мектептердің, 1 мемлекеттік, 2 жеке балабақша жертөлесі мен Өрлеу тұрғын алабындағы амбулаторияға су кірді. 

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

М.Арынов атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінде қазір 100-ге жуық адам орналасқан. Олар бау-бақша ұжымдарының тұрғындары. Бәрі де соңғы сәтке дейін үміттеніп, жағдайды бақылағанымен, кеше кешкілік үйлеріне су кіріп кеткен.

«Қазіргі мәлімет бойынша бізде 97 адам келді. Оның 59-ы бала. Қазіргі таңда жатын орын берілді. Мектеп асханасы жұмыс істеп тұр. Оларға демеушілер қажетті заттарды әкеліп жатыр. Гигиеналық заттары да бар. Мектеп тарапынан қосымша ойын бөлмелері ұйымдастырылды», - деді М.Арынов атындағы Қарғалы қазақ орта мектеп директоры Жасұлан Жанайдаров.

Орта мектеп негізі 45 орынды әзірлеген, дегенмен адам саны күрт өскенде өзге білім ордаларынан төсек-орын жеткізілді. 

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

«Қарғалы бау-бақша ұжымынан келдік. Негізі 26 наурыз күні түнде су жүріп, 27-і толып кетті. Қазір үйім суда тұр. Су деңгейі терезеге келген. Үйім осымен үшінші рет суға кетті. 2017, 2023 жылдары кетіп, биыл қайталанды. Былтыр сыз басып, тұру қиындады. Отбасымда үлкенім – студент, қызым – оқушы. Балам Алматыда оқуда. Жолдасым төртеуміз тұрамыз. Биыл тек заттарымды шатырға шығардым, ал техниканың бәрі суда қалды», - деді Жанаргүл Ізімова.

Баспанасы суда қалған қала тұрғындары төтенше жағдай жарияланғанын қалайды. Сонымен бірге үйді көшірудің тиімді жолын күтеді. 

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

«Сыртымыз күліп отырғанымен, жанымыз ауырады. Жинап-тергеннің бәрі суға кетті. Ыдыс-аяқ, көрпе-жастық суда тұр. Не істейміз? Не жауап бар? Облыс әкімі, қала әкімі келсе екен. Халықтың жағдайы не болады? Екі күн отырамыз, үшінші күні баспанамызды ойлап кетеміз. Алдымен 2017 жылы суға кеттік. Содан бері жүйке ауруына душар болдық. Балалар болса бронх ауруына шалдықты. Аяқ-қолы сырқырайды үлкендердің. Біз төтенше жағдай жариялауды, халықты суға кетпейтін жерге орналастыруды сұраймыз. Ең болмаса бір үйге жететін құрылыс материалын берсе екен. Бізге жер ұсынды, бірақ ескі үйді бұзып, сонда сал деп отырады. Ол жарамсыз бүгінде», - деді Шыныргүл Акбалиева.

Айта кетейік, эвакуацияланған адамдарға психологиялық көмек көрсету де қарастырылған.

Айта кетейік, Ақтөбедегі Темір ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Соңғы жаңалықтар