Ақтөбеде Гидротехникалық құрылыстарға қызмет көрсету мекемесі құрылады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында Гидротехникалық құрылыстарға қызмет көрсету мекемесі құрылып, оны жарақтандыруға 93 млн теңге бөлінді. Сонымен бірге биыл жаздың аптап ыстығында өрттен сақтануға баса назар аударылды.

Ақтөбе облыстық мәслихатындағы кезекті сессияда бюджет шығысы тағы нақтыланды. Бұл жолы 27,8 млрд теңгенің қалай жұмсалатыны белгілі болды.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты имидж және де басқа да жағдайларды азайту, құрылысы тоқтап, сот процесі немесе түзету жұмысы жүріп жатқан жобалар бойынша шығындарды қысқарту жүргізілді. Сонымен қатар жүргізілген талдауға сәйкес жыл ішінде болатын үнемдеу қаражатының есебі назарға алынды. Бірінші кезекте төтенше жағдайлардың салдарын жою, оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру үшін резерв көлемін ұлғайту үшін Ақтөбе облыстық Қаржы басқармасына 10 млрд теңге бөлу жоспарда. Сонымен қатар Қазгидромет болжамына сәйкес биыл жаз айлары әдеттегіден ыстық болады деп күтілуде. Осыған байланысты далалық өртке қарсы іс-шаралар үшін өртке қарсы техника мен жабдықтарды сатып алу жоспарда. Атап айтсақ облыстық ТЖД өртке қарсы қызмет бөлімшелерін жарақтандыруға 448 млн теңге, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 382 млн теңге қарастырылды. Жаңадан құрылған Гидротехникалық құрылыстарға қызмет көрсету мекемесі жарақтандыруға 93 млн теңге бөлінді, - деді облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов.
Сонымен бірге өрт сөндіру автомобильдерін сатып алуға 423 млн теңге, өртке қарсы ерікті құрылымдарын жарақтандыруға 313 млн теңге жоспарланды.
— Су тасқыны салдарынан зардап шеккен отбасы балаларын киім-кешек, мектепке керек жабдықтармен қамтуға 85 млн теңге бөлу жоспарда. Сонымен бірге Ырғыз ауданы бойынша төтенше жағдайлар салдарынан өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға 100 АЕК көлемінде жалпы сомасы 95 млн теңге әлеуметтік көмек көрсету жоспарланып отыр, - деді Нұржан Мақсатов.
Айта кетейік, қазіргі кезде тек Ырғыз ауданының Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарында су тасқынына қарсы күрес жұмысы әлі жалғасып жатыр. Жалпы Ырғыз ауданындағы құрылыс жұмыстарына 13 мердігер мекеме жұмылдырылады.