Ақтөбеде Гиннестің рекордын жаңарту үшін 4 мыңнан астам адам қан қысымын өлшетті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласының Денсаулық саябағында Гиннестің рекордын жаңарту үшін 4 мыңнан астам адам қан қысымын өлшетті. Барлығы 500 медицина қызметкері алдын ала дайындалып, адамдарды қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, кешкілік ақтөбеліктер Денсаулық саябағына жиналды. Мұнда бір мезетте 500 медицина қызметкері тұрғындардың қан қысымын өлшеп берді. Гиннестің рекордын жаңарту үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы осы жылдың ақпан айында арнайы өтініш жазған. Ал рекордты жаңарту акциясына тек қала тұрғындары ғана емес, аудандағы медицина қызметкерлері де қатысты.

«Рекорд жаңарту өте сирек болады. Сондықтан ұсыныс түскен кезде қуана қабылдап, акцияға қатыстық. Бізге қойылған талап бойынша акция кезінде әр медицина қызметкері 10 адамның қан қысымын өлшейді. Бір адамға 3-4 минут уақыт берілген. Негізі біз адамның аты-жөнін, жеке куәліктегі нөмірі мен байланыс телефонын жазып аламыз. Кейін қатысушыға арнайы нөмер тағамыз. Егер қан қысымы жоғары болса, дәрігерлердің бақылауына жіберіледі. Қолымызда ақпараттық арнайы жадынама да бар», - деді Алға аудандық ауруханасының қызметкері Ғалия Мұқтарқызы.


Ақтөбеліктер кешкі сағат 19:00-де басталған акцияға екі сағат бұрын жиналды. Олар алдымен жеке куәлігін беріп, тіркеуден өтті. Тіркелген соң өздері қалаған медицина қызметкерінің жанына барып, қан қысымын өлшетті. Акцияға қатысушылар арасындағы дәрігерге тұрақты қаралып жүрген адамдар мен ақ халаттыларға өте сирек қаралатын адамдар бар.

«Біз тарихта қалу үшін бүгінгі акцияны қуана қабылдадық. Өзім қан қысымымды жиі өлшетпеймін, дәрігердің алдына көп бармаймын. Бүгін тексеріліп, бәрі қалыпты екенін білдім», - деді қала тұрғыны Тамара Жұматова.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, бүгін 4 мыңнан астам адамның қан қысымы өлшенді. Талап бойынша 80 бақылаушы қарады. Бәрі бейнекамераға түсіріліп, алдағы уақытта жиналған материал Лондондағы Гиннестің рекордтар кітабы кеңсесіне жіберіледі. Жауап екі аптадан соң белгілі болмақ.


«Ақтөбеде мұндай ауқымды шара бірінші рет өткізіліп жатыр. Бәрі жақсы ұйымдастырылып, уақытқа сай атқарылатын жұмыс реттелген. Халық өте көп жиналып, үлес қосты. Міндетті түрде Гиннестің рекордын жаңартамыз деп ойлаймын», - деді халықаралық дәрежедегі төреші Борис Романов. 

Соңғы жаңалықтар