Ақтөбеде хоккей модулі мен балабақша пайдалануға берілді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде алғаш рет хоккей модулі пайдалануға берілді. Бұл тәуелсіздік жылдары салынған алғашқы мұз айдыны, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде хоккей модулі мен балабақша пайдалануға берілді

Ақтөбелік балалар мен жасөспірімдер енді хоккей ойнай алады. Бүгін қала орталығынан хоккей модулі пайдалануға берілді. Елбасының «Туған жер» жобасын іске асыру мақсатында ағайынды Щегельскийлер жаңа мұз айдынын тарту етті. Құрылыс жұмыстары 2016 жылы басталған болатын.

null

«Балалар мен жасөспірімдерді спорт, өнерге баулып, олардың сапалы білім алуына бар жағдай жасалып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде бірнеше әлеуметтік жоба, бағдарлама қолға алынып, іске асырылуда. Соның нәтижесінде бүгін Ақтөбеде хоккей модулі пайдалануға берілді. Мұндай нысан тәуелсіздік жылдары өңірде салынбаған. Менің ойымша, ақтөбеліктер қысқы спорт түрлері бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізе алады. Спортшыларға барлық жағдай жасалса, олардың арасынан чемпиондар шығады»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

null

Жаңа хоккей модулінде шорт-трек пен мәнерлеп сырғанау спорты да дамитын болады. Халықаралық талапқа сай салынған мұз айдынының құрылысына ресейлік мамандар атсалысқан. Олар 2014 жылы Сочидегі қысқы спорт түрлерінің Олимпиадасына арналған кешен құрылысын жүргізген мамандар екен. Жоба құны - 544 миллион теңге. «КТП» ЖШС-нің басшылары ағайынды Щегельскийлер жаңа спорт нысанын облыс әкімдігімен бірге жүргізді. Спорт нысанының ашылуы кезінде өңір әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Всеволод Щегелькийге алғыс хат беріп, Мәжіліс депутаты Глеб Щешелькийге «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.

null

Айта кетейік, Ақтөбеде Халықаралық балаларды қорғау күні 300 орынды балабақша пайдалануға берілді. Бұрын «Күзет» күзету мекемесінің ғимараты болған нысанды кәсіпкер 5 жылға жалға алып, 190 миллон теңгеге жөндеу жүргізген. Алдағы уақытта мемлекеттік тапсырысты орындап, балаларды тәрбиелейді. Балабақшада 25 топ болады. Оларға арналған спорт залы, музыка бөлмесі мен логопед, психологтар кабинеті қарастырылған.

null

«Ақтөбе қаласында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында балабақшалар салынатын болады. Биыл 11 жер телімі сатылды. Келер жылы тағы 15 жер телімі беріледі. Осы арқылы біз 2020 жылы балаларды толық бақшамен қамтамасыз етеміз»,- деді қалалық білім бөлімінің басшысы Индира Бексұлтанова.