15:41, 13 Наурыз 2013 | GMT +5
Ақтөбеде Хромтау ауданы салық басқармасының бұрынғы бастығы 7 жылға сотталды
АҚТӨБЕ. 13 наурыз. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласының сотында пара алудың бірнеше фактісі бойынша іс қаралды.

Хромтау ауданы салық басқармасының 53 жастағы бастығы кінәлі деп танылып, мүлкінің тәркіленуімен 7 жылға сотталды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарланғандай, салық басқармасының бастығы 2011 жылдың желтоқсанында қызметке тағайындалған болатын. 2012 жылдың сәуірінде ол декларацияны тапсыру мерзімін кешіктіріп, заң бойынша 48,5 мың теңге мөлшерінде айыппұл төлеуі қажет болған «Родник» ШҚ-ның басшысынан пара алды.
Қаржы полицейлері оны кезекті пара алу кезінде ұстады.
Соттың шешіміне сәйкес әйел ҚР ҚК-нің 311 бабы, 4 бөлімі, «г» тармағы бойынша кінәлі деп танылып, жазасын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтеумен және мүлкінің тәркіленуімен 7 жылға сотталды.
Оның сыбайласы, 25 жастағы салық инспекторы шартты түрде 5 жылға сотталды.