Ақтөбеде игерілуі тиіс 865 мың гектар жердің 506 мың гектарына дәнді дақыл егіледі
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Егіс науқанына 49 мың тонна тұқым қажет болса, оның 90% дайындалды. Көбі бірінші сыныпты тұқым.
Ақтөбе облысында көктемгі далалық жұмыстарға дайындық жүріп жатыр. Биыл 865 мың гектар жерді игеру жоспарланған. Оның 506 мың гектарына дәнді дақыл егіледі. Мал азығының көлемі 277 мың гектарды құрайды. Сонымен бірге майлы дақылдың ауданы 75 мың гектарға жетпек.
- Егіс науқанына 49 мың тонна тұқым қажет. Бүгінде 44 мың тонна тұқым қамбаға құйылды. Оның 71% бірінші сыныпты, 21% екінші сыныпты және 8% үшінші сыныпты. Жетпей тұрғынын шаруашылықтар сатып алады. Бүгінгі таңға 707 тонна дәнді дақыл және 20 тонна картоп тұқымын сатып алуға келісімшарт жасалды. Егіс жұмыстары басталғанға дейін толық қамтуға мүмкіндік бар,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы.
Биыл далалық жұмыстар кезінде 1,5 мың трактор, 100-ден астам егіс кешені, 1,4 мың дәнсепкіш және 1,8 мың жер өңдейтін техника қолданылады. Қазіргі кезде техниканың 90% әзір тұр.
- Егіс жұмыстарына 7,9 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бюджеттен өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 2,1 млрд теңге қарастырылды. «Кең дала-2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын қаржыландыру мақсатында жылдық үстемеақысы 5% несие беру жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінде 1,7 млрд теңге несие берілді,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы.
Биыл Ақтөбеде 160 мың гектар жер шегірткеге қарсы өңделеді.
Айта кетейік, елімізде 1879 диқан ерте қаржыландыру арқылы егіс жұмыстарына кірісті.