Ақтөбеде инфекциялық стационарға берілген мектеп жаңа оқу жылына дайындалады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде екі білім беру мекемесінің ғимараты уақытша инфекциялық стационарға айналды. Соның біреуінен науқастарды көшіріліп, жаңа оқу жылына әзірленіп, тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі таңда Ақтөбе облысы бойынша екі интернат науқастарды қабылдап жатыр. Бірі Жайсаң ауылындағы карантин стационары. Бұл жерде сабақ онлайн жалғасады. Себебі стационар шекарада орналасқан. Екіншісі - Байғанин ауданындағы мектеп-интернат. Мұндағы білім ордасы бірер күнде босатылып, ішіне дезинфекция жүргізіледі. 1 қыркүйектен бастап балаларды қабылдауға рұқсат беріледі», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.
Айта кетейік, Ақтөбеде 400-ден астам мектеп бар. Биыл оқу дәстүрлі форматта өтеді. Сондықтан мектеп мұғалімдері түгел вакцина салдырды.