Ақтөбеде интернет алаяқтарына алданғандар көбейді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында интернет алаяқтарына алданғандар көбейді. Жыл басынан бері 300-ден астам дерек тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде интернет алаяқтарына алданғандар көбейді

Соңғы уақытта Ақтөбе облысы аумағында интернет арқылы алаяқтық жасайтындар жиілеп кетті. Олар өз құрбандарының банктік шоттары мен карточкаларын пайдаланған.

«Алаяқтар алдаудың және азаматтардан ақша алудың күрделі әдістерін қолданады. Егер бұрын алаяқтар телефон арқылы қоңырау шалып, полиция қызметкері болып танысса, ұсталған азамат үшін ақша талап етсе, қазір алаяқтықтың жаңа түрі белең алды. Жаңа технологияларды пайдаланып, онлайн несие рәсімдей отыра, қылмыс жасалады», - дейді Ақтөбе облыстық ПД бастығы Атығай Арыстанов. Оның айтуынша, белгісіз біреулер «balzhan aqsha halykka» бетіндегі Іnstagram әлеуметтік желісін пайдаланып, қаржыны екі есе көбейту сылтауымен 15 000 теңге сомасындағы ақшаны иемденіп алған. Ақтөбелік «qiwi әмиян» арқылы ақша аударған. Интернет алаяқтарын анықтау мақсатында жедел-іздестіру шарасы жүргізілді. Киберқылмыспен күрес тобының қызметкерлері 21 жастағы жігітті ұстады. Ол Instagram әлеуметтік желісі арқылы бірнеше рет интернет алаяқтықпен айналысқан, парақшада «WhatsAap» мессенджеріне тіркелген нөмірлер арқылы азаматтарға тікелей хабарласатын болған. Ақша әртүрлі төлем картасына аударылды. Күдіктінің еліміздің бірнеше өңірінде тіркелген 15-тен астам алаяқтық фактісіне қатысы бар екені анықталды. Ол Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Біздің азаматтарымыздың басты мәселесі - олардың сенімді және тез әрі оңай баюға ұмтылысы. Осыған байланысты азаматтарға қырағы болу және жеке ақпаратпен, оның ішінде банк карталарының нөмірлері, ПИН-СМС-кодтар туралы ақпаратпен бөліспеу және ақшаның тез өсуі туралы алдамшы ұсыныстарға сенбеу қажеттігі туралы қатаң кеңес береміз. Күдікті SMS, қоңыраулар, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен итернетте тартымды ұсыныстар түскен жағдайда дереу полицияға хабарласыңыз немесе банктегі шоттарыңыз бен несие тарихыңызды тексеріңіз», - деді облыстық ПД бастығы А.Арыстанов.