Ақтөбеде іргетасы сөгіле бастаған жаңа үйдің тұрғындары көшіріледі
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабындағы көпқабатты үйдің іргетасы сыр берді. Мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған үй тұрғындары сараптама қорытындысы шыққанға дейін өзге жерге көшіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Есет батыр тұрғын алабындағы үй 2019 жылы қолданысқа берілген. Құрылысты «Машат» ЖШС жүргізген.
Тұрғындардың бірі таяуда жертөлеге түсіп, ондағы жағдайды білді. Іргетасында жарық көп, үгітіле бастаған. Кейін жан-жаққа хабар берді.
Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров Есет батыр тұрғын алабы 39 К, 40 К мекенжайларында көпқабатты екі тұрғын үйдің техникалық жай-күйіне бағалау жүргізу жөніндегі комиссияның отырысын өткізді.
Мемлекеттік органдардың басшылары, «Ақтөбе Гражданпроект» жобалық-мердігерлік ұйымдардың, авторлық және техникалық қадағалаулардың өкілдері қатысты.
Жұмыс алгоритмі жасалды. Барлық мүдделі органдарға нақты тапсырмалар берілді.
«14 сәуірде тұрғындар екі үйдің жай-күйіне алаңдап, тұрғын үй инспекциясы бөліміне жүгінді. Сол күні мердігерлік ұйым, авторлық және техникалық қадағалау өкілдерінің қатысуымен мамандар барып қарады. №40 үйдің бүкіл периметрі бойынша іргетас блоктарының айтарлықтай жарықтары мен деформациясы анықталды. №39 үйді тексеру кезінде жертөленің ішкі қабырғаларының сылақтары жарылғаны байқалды және іргетас блоктарында сызат пайда болғаны үйдің сыртынан көрінді. Екі үйді визуалды тексеру актісі жасалды. Ол бойынша үйлердің құрылымдық элементтеріне сараптама жүргізу қажеттілігі туралы қорытындыға келдік. Үйдің жағдайын анықтау үшін маяктар орнатылды және тұрақты кезекшілік белгіленді», - деді Ж.Әубәкіров.
Екі үй де Есет батыр тұрғын алабының бірінші шағынауданында орналасқан. Екі үйде 48 пәтер бар.
«Сараптама қорытындысы шығарылғанға дейін аталған екі үйдің тұрғындары тұрғын алаптың 1 және 3 шағын аудандарында орналасқан басқа үйлерге көшіріледі. Сараптама қорытындысынан кейін нақты шешім қабылданады»,-деп хабарлады қала әкімінің баспасөз жетекшісі Айгүл Байменова.