Ақтөбеде ірі кәсіпорындар айналасына шағын және орта бизнесті дамыту белдеуі құрылады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов ірі компаниялар айналасына шағын және орта бизнесті шоғырландыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде ірі кәсіпорындар айналасына шағын және орта бизнесті дамыту белдеуі құрылады

Хромтау ауданына жұмыс сапарымен барған Ералы Тоғжанов кен орындарын аралады.

Мұндағы өндірісті, жалақы мәселесі мен ұжымдық келісімшарттың орындалуын назарға алды.

«Қазіргі таңда өндірісте 7500 адам еңбек етеді. Комбинатта жылына 4 млн хром рудасы өндіріледі. Көп бөлігі Ақсу мен Ақтөбедегі ферроқорытпа зауыттарына жіберіледі»,- дейді Дөң кен байыту комбинатының директоры Азамат Бектібаев.

Облыс әкімі шағын және орта бизнес белдеуін тиімді дамытып отырған «Қазақмыс» АҚ-н мысалға келтірді.

«Барлық ірі компания осы бағыттағы жүйелі жұмысты жүргізуі керек. Өз кәсіпорындарыңыздың айналасындағы шағын және орта бизнес белдеуін дамыту бойынша ұсынысты дайындаңыздар. Бұл шағын және орта бизнесті дамытуға, соған сәйкес халық табысының артуына да түрткі болады»,- деді Е.Тоғжанов.

Хром рудасын өндіретін «Восход ориел» ЖШС, сонымен қатар, 5 млн тоннаға дейін мыс-мырыш рудасын өндіріп, өңдейтін, жылына 60 мың тонна мыс пен 45 мың тонна мырыш шығаратын «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС-не да осындай міндет қойылды.

Бұдан бөлек, облыс әкімі бұдан да жоғары дәрежеге қол жеткізу үшін өндірісті жаңғырту қажеттігін атап өтті.

Е.Тоғжанов: «Бұл үлкен инвестицияны қажет ететін міндет. Мен мамандарды шақыруға дайынмын, егер есептеулер бойынша көмек керек болса, барлық қажетті қолдауды көрсетемін. Бүкіл әлем қазірдің өзінде қайта бөлудің 5-6 деңгейінде жұмыс істеп жатыр. Біз үшін үшінші деңгейден кететін уақыт келді. Бәріміз де ақырғы өңдеуге ұмтылуымыз керек»,- деп атап өтті.

Сондай-ақ облыс әкімі Хромтау қаласындағы проблемалық нысандардың құрылысын қарады.

Өңір басшысы бірнеше жылдан бері Хромтау қаласының 22-квартал шағын ауданындағы бес қабатты екі үйді әлі күнге дейін салып бітіре алмай жатқан серіктестік жұмысын сынға алды.

Облыс басшылығының алдында баяндама жасаған ЖШС өкілі жауапкершілікті жалдаған қосалқы мердігерге артқысы келді.

«Басында келісімшартқа отырған мердігер жауапқа тартылады. Нысанды қатаң бақылауға аламын. Сіз 15 адам жұмыс істейді деп баяндап отырсыз, негізінде алпыс адам болуы керек! Өндірістік жұмыстардың кестесін құрып, үйлерді қысқа мерзім ішінде тұрғызып болыңыздар. Жұмысшылар саны көбейсін. Сіздерге қатысты материалдар құқық қорғау органдарына жіберілетін болады»,- деді облыс басшысы.

Өңір басшысы әлі салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде де болды. Бұл нысан басында «Қазхром» ТҰК АҚ-ның демеушілік жобасы деп жарияланғанымен, қаржы тапшылығы мен құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жұмыс тоқтатылды.

Енді нысанды бюджет қаржыландырады. Облыс әкімі құрылыс басқармасына кешенді аяқтау мерзіміне қатысты тапсырма берді.

Ералы Тоғжанов Хромтауды жаяу аралап, аула аумақтарының абаттандырылуымен, фуд-карта жобасымен танысты, «Кеншілер» саябағын қарап шықты да «Балдәурен» балалар кешенін жөнге келтіруді тапсырды.