Ақтөбеде итті пышықтап, аяусыз тепкен оқушыны полиция есепке алды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Оқиға Темір ауданы Кеңқияқ ауылында болды. 9-сынып оқушысы итті тепкен, пышақтаған. Видео әлеуметтік желіге тарап кетті.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті әлеуметтік желідегі видеоны зерттеп, баланың кім екенін анықтады.
– Әлеуметтік желіге талдау жүргізу барысында жас баланың итті қорлап, пышақ сұққан бейнежазбасы анықталды. Тексеру барысында оқиға биыл мамыр айында Темір ауданының аумағында болғаны және жануарға қатігездік танытқан 9-сынып оқушысы екені белгілі болды. Оқушы өзінің ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда полиция тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар оқиға аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысында баланың ата-анасының қатысуымен қаралады. Жасөспірім полицияның есебіне қойылады. Сонымен қатар қылмыстық іс қозғау мәселесі шешіліп жатыр, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Еске салсақ, биыл Ақтөбед 6 жасөспірім есірткі саудасы бойынша ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.