Ақтөбеде кадрлық ауыс-түйіс болды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облыстық Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментiнің басшысы қызметіне Қайрат Райымқұлов, ал облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы қызметіне Әлібек Байнешов тағайындалды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қайрат Райымқұлов жаңа қызметке тағайындалғанға дейін облыстық мәслихат депутаты болды.
Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін тәмамдаған әрі Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.
Еңбек жолын Ақтөбе облысының қаржы басқармасының ішкі бақылау бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. Ақтөбе облысының қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының, Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының түрлі лауазымдарында жұмыс істеген. Ақтөбе қаласының экономика және қаржы бөлімін, Ақтөбе қаласы әкімі аппаратын, Ақтөбе облысының кәсіпкерлік, қаржы басқармаларын басқарды. 2021-2023 жылдары Ақтөбе облысы әкімі аппаратының басшысы болды.
Ал Әлібек Байнешов Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Самара мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы бойынша біліктілігі – қаржы, құқықтану.

Еңбек жолын 2005 жылдан бастаған. Жастар қоғамдық бірлестіктерінде, үкіметтік емес ұйымдарда, «Аманат» партиясында, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. 2018-2020 жылдары «Synergy consulting group» ЖШС бас директоры қызметін атқарған. 2020-2023 жылдары Ақтөбе қаласы әкімінің кеңесшісі, Ақтөбе қаласының «Алматы» ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2023 жылдың қазан айынан бастап Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.