Ақтөбеде қала автопаркіне жаңа автобус әкелінді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласындағы автопаркке 30 автобус әкелінді. Жыл соңына дейін тағы 50 автобус жаңарады.

Ақтөбе қаласына әкелінген автобустар № 1, 11 және 25 бағытқа жіберіледі. Сыйымдылығы 80 орындық автобустың бәрі елімізде құрастырылған. Yutong маркалы қоғамдық көлікте жаздың ыстығында салқындатқыш қосылады. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жиналмалы пандусы бар. «Автопарк» ЖШС директоры Ақарыс Тілеулесовтің айтуынша, Yutong маркалы 30 жаңа автобусты сатып алуға 2023 жылы тапсырыс берілгенімен, олар биыл, осы наурыз айында жеткізілген. 2023 жылы мекеме барлығы 42 автобус сатып алыпты.
«Кәсіпорын өзінің автопаркін біртіндеп жаңартып отырады. 2022 жылы ЛИаЗ, ПАЗ және Yutong маркалы 33 автобус сатып алынды. Биыл қазан айында тағы 50 автобус әкелу жоспарланып отыр. „Автопарк“ қоғамдық көліктерді жаңартуға 2022 жылы 1,4 млрд теңге, 2023 жылы 2,7 млрд теңге, 2024 жылы 3,5 млрд теңге қарастырды», — деді Ақарыс Тілеулесов.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қоғамдық көлік санын әлі де арттырып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді тапсырды. Әсіресе автобус кестеге сай жүруі тиіс.
Айта кетейік, Ақтөбеде 4 кәсіпорын 46 бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдаумен айналысады. Күнделікті желіге орташа есеппен 278 автобус шығады. Қоғамдық тасымалдаушыларға 10 млрд теңгеге жуық субсидия берілді.