Ақтөбеде кәмелетке толмаған қыз үш сіңілісін өзі бағып отыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Күлжұмыровтар отбасының төрт баласы бір-біріне сүйеу болып отыр. Әкесі Махмуд Күлжұмыров таңнан кешке дейін жұмыста, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бақылаусыз, қараусыз қалған балаларды отбасының үлкен қызы Ақерке қарайды, арасында оған Өзбекстаннан уақытша келген әжесі Тілләхан Ырзабаева жәрдем көрсетеді.
Ақтөбе облысына Өзбекстаннан қоныс ауданған Күлжұмыровтар отбасы қазір жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Кішкентай бөлмеде төрт қыз бен олардың әкесі Махмуд Күлжұмыров тұрып жатыр.
«Балам Ақтөбеде жұмыс істеп, кейін осы жаққа қоныс аударуға шешім қабылдады. Үйленді, төрт қызы бар. Келінім Саодат Күлжұмырова да келіп, сауда жасап, бір адамдарға қарыз болып қалды. Саудасы жүрмеді, отбасында дау-жанжал болды. Ол Өзбекстан азаматы болған соң сол жақта қалып қойды. Содан бері 2 жылға жуық уақыт өтті. Қыздар анасын көрмеді. Кішкентайы Жанат қазір 5 жаста. Ол сағынышын білдірмейді, бәрі іштен тынып жүр»,- деді Тілләхан Күлжұмырова.
Бұл оқиға туралы Ақтөбе қалалық әкімдігі біледі. Тіпті қалалық Елек полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы, №8 орта мектепке жауапты Гүлнұр Алданова оралман Махмуд Күлжұмыровтың барлық құжаттарын жинап, Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігіне жолдады.
«Біз бұл отбасымен тығыз байланысты жұмыс істейміз. Отағасы Махмуд Күлжұмыровта екі елдің де құжаты болмады. Ол жаңа куәлік алу уақытын өткізіп алып, осы күнге дейін төлқұжатсыз жүре берген. Барлық қажетті құжатты жинап, Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігіне жіберуге көмектестік»,- деді Гүлнұр Алданова. Құжат 2018 жылдың қыс айларында дайын болуы тиіс.
Қазіргі уақытта балалар жазғы демалыста жүр. Олардың туу туралы куәлігі бар. Балалардың біреуі ғана Қазақстанда, үшеуі Өзбекстанда дүниеге келген. Отбасының үлкені, әрі ақылдысы Ақерке биыл 5 сыныпқа көшті. Үздік, алғыр оқушы сіңлісі Әсемгүлге алғаш әріп үйретіп, әліппені оқытты. Есеп шығарудың жолдарын түсіндіріп, көбейту кестесін жаттатты.
«Сіңлілеріме қарайласып, оларды сабаққа дайындаймын. Қазіргі кезде 1 сыныпқа баратын сіңлім Айсұлуға әріп үйретін жатырмын. Ол қосу амалдарын біледі. Әріпті де таниды. Алдағы уақытта оған қамқор болып, сабаққа бірге дайындаламыз. Өзім де жақсы оқимын. Тек орыс тілін меңгеру қиынға соғып тұр»,- деді Ақерек Күлжұмырова. Ол би билегенді ұнатады. Спортқа да әуес. Ал Әсемгүл гимнастикамен шұғылданып жүр. Бәрін өзі үйреніп алды.
Үйдің кенжесі Жанат Күлжұмырова қазір 5 күндік балабақшада. Бұл көмекті жергілікті билік көрсетті. Тегін балабақшада Жанат Күлжұмыров апасы Айсұрумен бірге тәрбиеленген болатын. Енді бір өзі бақшаға барады.
«Кішкентайымызды анасы 3 жасында тастап кетті. Бала болған соң сағынады, әкесінің жанынан қалмайды. Жүрігіміз езілгенімен, қолдан келер көмек жоқ. Әкесі Өзбекстанға қайта оралғысы келмейді. Ол төрт қызын да өзі бағып-қағамын деп отыр. Мен де Өзбекстан азаматымын. Ауылға барып, уақытша құжат мерзімі біткен соң үйіме барып, келіп жүрмін. Сол кезде көршілерге немерелерімді аманат етіп кетемін, балам қарайды. Бізге көмек керек. Қыздар мектепке барады, оларға арнайы форма тіктіру керек. Оқу құралы да жоқ. Киімдерін алатын қаржы таппай отырмыз», - деді отбасының әжесі.
Оралмандар Ақтөбеге 6 жыл бұрын қоныс аударды. Құжаттары реттелмеген соң олар арнайы квота ала алмады. Қазір балаларына да мемлекеттік жәрдемақы төленбейді.
Ал Махмуд Күлжұмыровтың жалақысы пәтерақы мен өткен жылдардың қарызын өтеуден аспайды. Кәмелет жасқа толмаған балалар болса тойып тамақ ішпейді, тәтті сұрамайды...

