Ақтөбеде Қаңтар оқиғасына қатысқан 18 адамның ісі сотта қарала бастады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қаңтар оқиғасына қатысқан 18 адамның ісі қаралып жатыр. Бүгін айыптау актісі оқылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қаңтар оқиғасына қатысқан айыпталушылардың ісі Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша қаралып жатыр.
Олар - «Жаппай тәртіпсіздік», «Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық», «Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу» баптары.
Барлығы сот залында 18 айыпталушы бар. Сонымен бірге 33 жәбірленушінің көбі - құқық қорғау органдарының қызметкерлері.
Қазіргі кезде айыпталушылардың үшеуі қамауда болса, өзгесі үйқамақта.
Прокурор Әсел Таналиеваның айтуынша, Ақтөбедегі жаппай тәртіпсіздік кезінде бірі алаңға қиыршық тас тасымалдаса, бірі әлеуметтік желі арқылы халықты алаңға шақырған.
Сонымен бірге ақша жинап, жиналғандарды азық-түлікпен, қажетті гигиеналық заттармен қамтамасыз еткен.
Атап айтсақ, айыпталушы Еркебұлан Құттыбаев пен оның танысы Дархан Әбиев екі жүк көлігіне тас тиеп, әкімдік ғимараты маңына төккен.
Сол жерге жиналғандар оны пайдаланып, лақтыра бастаған. Ал Нұрсұлтан Исаев жеке көлігімен полиция қызметкерлерін қасақана түйген деп айыпталып жатыр.
Прокурордың айтуынша, ол учаскелік инспектор, көші-қоныс инспекторын қаққан. Әкімдікке қарай жүрген.
Айта кетейік, Қаңтар оқиғасы кезінде келген жалпы шығын 148 млн теңгеден асады. Оның 114 млн теңгеден астамы облыстық әкімдікке тиесілі.
Еске салсақ, биыл 5 қаңтарда Президент Ақтөбеде төтенше жағдай жариялау туралы жарлыққа қол қойды.
Коменданттық сағат тәртібін бұзған адамдар әкімшілік жауапқа тартылды.
Полиция сол кезде журналистерден түсініктеме алды.