Ақтөбеде қар құрсауында қалған адамдар құтқарылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде ауа райы күрт нашарлап, жолда қалған адамдарды төтенше жағдайлар қызметкерлері құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде қар құрсауында қалған адамдар құтқарылды

Өткен тәулікте Ақтөбе облысының аумағында ауа райының нашарлауына байланысты ескерту жарияланды. Республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 7 учаскесінде қозғалыс уақытша шектелді.

«ТЖД қызметкерлерінің күшімен қар құрсауынан 8 адам құтқарылды, оның ішінде 2 бала. Сонымен бірге 57 адам эвакуацияланды, оның екеуі бала. «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тасжолының Байғанин ауданы маңында 40 көлік қар құрсауында қалды. Құтқарушылардың көмегімен 57 адам, оның ішінде 2 бала Жарлы ауылына эвакуацияланды», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Сонымен бірге Хромтау ауданы Абай ауылынан 14 шақырым жерде және Никельтау станциясына жақын маңда 8 автокөліктен 7 адам құтқарылды. Оның екеуі бала. Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, барлық жағдайда жүргізушілер дауылды ескертуді елемей, көліктің техникалық жағынан жарамды екеніне көз жеткізбей, алыс жолға шыққан.