Ақтөбеде қар суы республикалық жолдан асып аққан
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз республикалық маңызы бар тасжолдың Ұлпан ауылы маңындағы 1 шақырым бөлігіне қар суы жайылды. Су жолдың бетімен өтті.

Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жолдан өткен су биіктігі 10-20 см жеткен. Жолдың жан-жағын бекіту үшін 700 құм толы қаптан қоршау жасалып, 200 тонна құм төселді.
- Оқиға орнына аудан әкімі Жанболат Жидеханов арнайы барды. Жағдай аудан басшының тікелей бақылауында. Бүгінгі күні ауданда жедел штаб өз жұмысын бастады. Байланыс нөмірлері: 8 (71335) 23-7-73 және 112. Қазіргі таңда аталған аумақта жағдай қалыпты. Автокөліктердің қозғалысына шектеу қойылған жоқ. Құзырлы мекемелер тарапынан жол бойында кезекшілік ұйымдастырылды, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметі.
Айта кетейік, оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі, жолды күтіп ұстауға жауапты «ҚАЖсервис» ЖШС-нің жұмысшылары мен теміржолшылар да барып, жол жиегін бекіту жұмысын жүргізді.