Ақтөбеде карантин кезінде той өткізген мейрамханалар әшкереленді

Ақтөбе қаласы Астана және Алматы аудандарының әкімдіктері мен Ақтөбе қаласының полиция басқармасы өкілдерінен құралған мониторинг тобы жеке және заңды тұлғаларды тексерді. Мониторинг топтары 20-24 наурыз күндері аралығында рейдке шықты.
«Оскар», «Душа», «Керемет», «Старс», «Бардак», «Green House» караоке-кальян клубтарында және «Sky Jump», «Kids park» батут орталықтарында шектеу шараларын бұзу фактілері анықталды. Сонымен қатар, қызметіне шектеу қойылған кейбір мекемелер жұмысын жалғастырған. Ал келушілер сақтық шараларын сақтамаған.
Сондай-ақ, «Жан-Сая», «Арман», «Айназ», «Керуен Сарайы», «Тойхана», «Тамаша», «Алтын Шатыр» және «Алтын» мейрамханаларының әрқайсысында орта есеппен 100-ден астам адам жиналып, салтанатты іс-шаралар өткізіп, карантин режимін өрескел бұзғаны анықталды.
Барлық материал уәкілетті органға жіберілді. Рейдтік жұмыстар эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін күн сайын жалғасатын болады», - деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкім аппаратының әскери-жұмылдыру жұмысы, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Қайрат Есенжолов.
Ақтөбе қаласының әкімдігі қала тұрғындарын бетперде тағу, қолды жиі жуу, антисептиктерді пайдалану және әлеуметтік арақашықтықты сақтау талаптарын сақтауды ескертеді.