Ақтөбеде карантин күшейтілгенімен адамдардың бейберекет жүруі азаяр емес
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында карантин режимі күшейтілді. Дегенмен адамдардың бейберекет жүруі азаяр емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үйде отырып, ереже сақтайтын ақтөбеліктер кейбір адамдардың бейқам жүргенін айтып, полициядан бақылауды күшейтуді сұрады. Жергілікті арнада өткен тікелей эфир кезінде облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздікті бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева ескертуге құлақ аспай, көшеде жүретіндердің бар екенін жасырмады.
«Қауіпсіздік үшін шектеу шарасы, карантин режимі енгізілді. Мен қаладағы ірі супермаркеттерге бардым. Жағдайды бақылап, бәрін өз көзіммен көрдім. Шынын айтқанда, қалада карантин режимі енгізілгені мүлде сезілмейді. Адамдар тауар сатып алуға үздіксіз келіп жатыр. Асықпай аралап, таңдап, талғап жүр. Үрей жоқ, қорқыныш сезілмейді. Арақашықтықты сақтамаған, бір-біріне жақын жүр. Ескерту берілсе де ешкім құлақ аспайды. Кейбірі ескерту үшін ашуланды. Бұл дұрыс емес. Ал базарлар жабық тұр. Ашық болса адамдар «қыдырып» жүргендей аралай береді екен. Бүгін нақты жағдайды көрген соң супермаркетке 10-15 адамнан ғана кіргізуге тапсырма берілді. Әлі де адамдар түсінбейді, талап осылай өзгереді», - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздікті бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.
Айта кетейік, Ақтөбеде екі супермаркет, бір емхана, бір стоматология, төрт үйдің подъезі карантинге жабылған болатын.