Ақтөбеде карантин талабын бұзғандар 182 млн теңге айыппұл төледі

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде мобильді топтармен қатар үйлестіру кеңесі жұмыс істеп тұр. Карантин талабын бұзғандар туралы 30-ға жуық шұғыл хабарлама түсіп, оларға 5 миллион теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде карантин талабын бұзғандар 182 млн теңге айыппұл төледі

Өткен тәулікте өңірде 12 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Ақтөбе қаласы мен Мәртөк, Алға аудандарының тұрғындары дертке шалдығып, олар дәрігерлер бақылауына алынды. Аурушаңдықтың өсу деңгейі - 0,3 пайызды құрайды. Жалпы облыста 3926 жағдай тіркелді. Оның 95 пайызы жазылып шықты. Қазір 372 адам үй карантинінде.

«Облыс бойынша инфекциялық ауруханаларда 90 адам ем алып жатыр. Соның ішінде қалада 67 адам бар. Оның 13-і жансақтау бөлімінде болса, біреуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Жедел жәрдем шақырып, көмек сұрағандар саны азайып келеді. Тәулігіне 700-ден астам қоңырау түседі», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүлстем Исаев.

Айта кетейік, өңірде мобильді топтармен қатар үйлестіру кеңесі жұмыс істеп тұр.

«Үйлестіру орталығына 30-ға жуық шұғыл хабарлама түсті. Тексеру өткізіліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 миллион теңге айыппұл салынды. Қазір тағы 19 материал сотта жатыр. Біз обьектіні жабу туралы ұсыныс бердік. Жалпы мониторинг топ 1 мыңнан астам құқықбұзушылықты анықтады, 182 миллион теңгеге айыппұл салынды», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.