Ақтөбеде карантинге қарамастан мейрамханада ас бергендер жауапқа тартылды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе полициясы облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысы аясында тексеру жүргізді. Автобус ішіне адамдарды белгіленген шектен көп мінгізген және мейрамханада ас бергендер жазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Карантин талаптары бойынша қазір жолаушы тасымалдайтын автобустың тең жартысына ғана адам отырғызуға рұқсат. Бұл туралы облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысы бар. Ал Қобда ауданы арқылы кетіп бара жатқан автобустың іші адамға толы болған. Полиция қазір осы жағдай бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Ақтөбе облыстық Полиция департаменті патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Қобда ауданының аумағында автобусты тоқтатты. Салон ішінде болған 42 Өзбекстан азаматының Атыраудан Шымкент қаласына бара жатқаны анықталды. ҚР ӘҚбК «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бабы бойынша жүргізушіге 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ Қобда полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы ауылдардың бірінде карантин шектеуіне қарамастан, мейрамханада садақа, ас беру өткізгенін анықтады. Мейрамханаға 60-қа жуық адам жиналған. ҚР ӘҚбК «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бабы бойынша мейрамхана иесі әкімшілік жауапқа тартылды. Материал зерделеу мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық қызметке жіберілді»,-делінген хабарламада.