Ақтөбеде қарулы күштер қатарына қабылданған әскери дәрігерлер ант берді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында курсанттардың салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ант қабылдау шарасына әскери институттың жеке құрамы, Ақтөбе гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, Ақтөбе қаласының «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері, сондай-ақ курсанттардың туыстары мен жақындары қатысты.
«Ант беру дегеніміз – Отанға, еліңе адал болу. Оның мән-мағынасы терең. Әскери борышын орындау арқылы әр әскери қызметші азаматтық және адамгершілік тұрғыда жетіліп, емтихан тапсырады. Ендігі жерде сіздердің барлық әрекеттеріңіз салтанатты түрде берген анттың талаптарына сай келуімен өлшенеді», - деді Әуе қорғанысы күштері әскери институтының бастығы Дәурен Қосанов.
Ант қабылдағанға дейін курсанттар негізгі әскери дайындық курсынан өтті. Бір ай бойы олар жалпы әскери жарғыларды зерделеп, оларды күнделікті өмірде басшылыққа алуға дағдыланды.

«Апам Санкт-Петербургта оқиды. Ол маған осы саланы таңдауға ұсыныс жасады. Әскери оқу орнвна келер бұрын дайындалдым. Шақырымды бағындырып, 100 метрге жүгірдім. Түрлі жаттығу да назарда болды. Волейбол ойнаймын. Мұның бәрі біздің әскери өмірімізге дайындық болды», - деді Диана Қайсарқызы.
Әскери оқу орындарына қабылданған 146 курсанттың 30-ы оқуын шетелде жалғастыратынын айта кеткен жөн. Медициналық мамандықтарға түскен қыздар да алғаш рет ерлермен бір сапта тұрды. Биыл 9 қыз С.М. Киров атындағы Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің және 4 қыз Мхитар Гераци атындағы Ереван мемлекеттік медицина университеті әскери факультетінің әскери-медициналық академиясына оқуға түсті.






