Ақтөбеде кәсіпкерлік нысандар жалған салық инспекторына ақша берген
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде бірнеше кәсіпкер өзін салық инспекторы ретінде таныстырған алаяққа алданып қалды. Олар тексеруден жалтару үшін ақша берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қалалық полиция бөліміне стоматология қызметкері арыз түсірген. Оның айтуынша, 29 қазанда стоматологияға өзін салық органынан екенін айтқан белгісіз адам келген. Қызметкер тексеріс жүргізбеу үшін оған 12 мың теңге ақша берген. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады. Ол 47 жастағы ақтөбелік болып шықты.
«Тексеру кезінде күдіктінің осы жолмен бірнеше рет адамдарды алдағанын мойындады. Мәселен, оқиға қаладағы дүкендердің бірінде болды. Дүкенде алаяқ өзін салық инспекциясының қызметкері ретінде таныстырып, тексеру жүргізбеуге уәде беріп, дүкеншіден 15 мың теңге ақша алған. Қазіргі уақытта ұсталған азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.