Ақтөбеде кәсіпкерлерді бопсалаған күдікті ұсталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Күдікті өзін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерімін деп таныстырған. Ұсталған кезде көлігінен 4 млн теңге ақша табылды.

Ақтөбе облыстық Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге бопсалаушы ер адамды ұстады.
- Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ақтөбе қаласының кәсіпкерлерінен ақша бопсалап жүрген белгісіз тұлға туралы ақпарат алынған. Тексеру барысында күдіктінің жеке кәсіпкерлерге қоңырау шалып, өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері ретінде таныстырғаны анықталды. Ол ойдан шығарылған айыптаулар арқылы қылмыстық іс қозғайтынын хабарлап, қорқытқан. Жәбірленушілерге қатысты құпия ақпаратты пайдаланып, қысымды күшейткен. Сөйтіп қаладағы ЖШС бірінің кадр бөлімінің бастығынан 5 миллион теңге талап еткен. Ұсталған кезде оның басқаруындағы көліктен 4 миллион теңге табылып, тәркіленді, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қазір Қылмыстық кодекстің «Бопсалау» бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейін ақпан айында Ақтөбе облысы Алға ауданында колледж студенттері өз қатарластарынан ақша бопсалаған. Ол кезде күдіктінің бірінен пневматикалық тапанша тәркіленді.