Ақтөбеде қатты пайдалы қазбалардың қорын анықтау жұмысы үздіксіз жүруде

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында ресурстық әлеуетті дамытуды тапсырған болатын. Жерасты байлығын анықтау, қорының неше жылға жететінін есептеу тау-кен, металлургия, мұнай мен газ кешендерінің стратегиялық маңызын сақтауға мүмкіндік береді.
«Геология саласында даму бар. Ел экономикасына серпін беру үшін минералды ресурстарды ұтымды және кешенді пайдалану, ұдайы өндіруді қамтамасыз етуге бағытталған «2015 - 2019 жылдарға арналған Геологиялық барлау жұмыстары» бағдарламасы нақтыланған. Өткен жылы Қазақстанның батыс аймағына зерттеу жүргізу үшін республикалық бюджеттен 2,2 миллиард теңге бөлінді. Барлығы 42 объектіде геологиялық барлау жұмысы жүргізілген болатын. Пайдалы қазбаларды барлау, іздеу жұмыстарымен қатар жерасты суына мониторинг жүргізіліп, бір мұнай ұңғымасы консервацияланды, яғни, жойылды. Атап айтқанда, Ақтөбе облысының батыс Арал маңында гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық түсіру жұмыстары аяқталды. Мұндай жұмыстар Атырау және Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында да жүрді»,- деді «Батысқазжерқойнауы» Батыс Қазақстан өңіраралық геология және жер қойнауын пайдалану департаментінің басшысы Азат Ерімбетов.
Ақтөбедегі Ұйымшыл және Шот аймақтарында алтын, мыс, полиметалдарды табу және Үйтас пен Текелдітау құрылымдарында алтын іздеу жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде геологиялық, геофизикалық және геохимиялық карталардың сериясы жасалды. Өткен ғасырдың 60-жылдары жасалған картамен салыстырғанда жұмыс аудандарының геологиялық-тектоникалық құрылымы жөніндегі деректер түбегейлі жаңарды.
«Ұйымшыл және Шот аймақтары бөлімшесі алтын, күміс, мыс, мырыш, қорғасын, никель және ванадий, сирек және өте сирек кездесетін, яғни, бериллий, ниобий, вольфрам, иттрий, лантан металдарының топтары табылып, белгіленді. Алдын ала болжам бойынша 5 тонна алтын мөлшеріндегі перспективті аудан бөлініп көрсетілді. Алдағы жылдары іздеу жұмыстарын әрі қарай жалғастыру керек. Ал Үйтас пен Текелдітау құрылымдарының кіріккен шегінде алтыны көп объектілер белгіленді»,- деді Азат Ерімбетов.
Айта кетейік, Әйтеке би ауданының Әйке алаңында мысты, Талдысай гранит алабында тантал-ниобийді, Жоғары Ырғыз кен алаңында Ta,Nb,Be металдарына геологиялық барлау жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл «Қазгеология» ҰГК» АҚ Қатынадыр аймағы мен Кемпірсай тау-кен ауданы шегінде мыс-колчедан кені мен мыс-порфир кенін іздеу жұмыстарын бастайды. Геологтар барлау, картаға түсіру жұмыстарымен қатар, мұнай ұңғымаларын жоюды жүргізді.
«Мұнай-газ ұңғымалары қоршаған ортаға, жерге зиян келтірмеуі үшін «Мұнай-газ ұңғымаларын жою және консервациялау» республикалық бағдарламасы іске асырылып жатыр. Ақтөбе облысында орналасқан Қаратөбе кен орнының 32 мұнай ұңғымасына консервация жасалды. Сонымен қатар, геологтар ауыз су қорын іздейді. Мәселен, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының 49 елді мекені бойынша жерасты суларының эксплуатациялық қоры бекітілді. Оның 10-ы Ақтөбе облысының, өзгесі Батыс Қазақстан облысының ауылдарын ауыз сумен қамтуға арналған жұмыс»,- деді департамент басшысы А.Ерімбетов.
Айта кетейік, қазба байлықтарын іздеу тек республикалық бюджет есебінен емес, жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың инвестициясымен жүргізіледі. Соңғы екі жылда Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті мен 11 компания арасында келісімге қол қойылып, 19 учаске бойынша геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Барлығы 205,5 миллиард теңге инвестиция салынды.
«Кен орындары барлау жұмыстарынан соң ғана игеруді жүргізіп жатыр. Алайда шикізат сапасы әлемдік сұранысқа сай болмай, кен өндірушілердің жедел дамуына кедергі келтіретін жағдайлар кездесіп жатады. Сондықтан геологиялық барлау жұмыстары кезінде шикізат қорына ғана емес, сапасына да үлкен мән берген жөн. Кенді ашық өндіру, шағын болса да пайдалы компоненттері жоғары кен орындарын іздеу және барлау тиімді. Тереңдікте іздеу жүргізу кезінде жаңа технологияларды қолдану пайдалы қазбаның аса бай қорын анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында аэрогеофизикалық зерттеу жүргізу ұсынылды»,- деді А.Ерімбетов.