Ақтөбеде қатты желден мектептің қасбетін қаптаған қаңылтыр ұшып жатыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында орта мектептің қабырғасын қаптаған құрылыс материалы ұшып жатыр. Бір жыл бұрын жөнделген мектепті мердігер мекеме қалпына келтіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде жел күшейіп, төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға хабарлама таратып жатыр. Болжам бойынша, бүгін желдің жылдамдығы секундына 15-20, кей жерлерде 30 метрге жетеді. Қазіргі күні Мұғалжар орта мектебінің қасбетін қаптаған материал ұшып кетті. Бұл білім ордасы 2016 жылы жөндеуден өткен болатын.
«Қатты желдің салдарынан Мұғалжар орта мектебінің қасбетінде қаңылтырлар ұшып кетті. Мектеп 2016 жылы жөнделіп, пайдалануға берілді. Мердігер мекемеге хабар берілді. Кепілдік уақыты біткен жоқ. Сондықтан жел басылған соң қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Шынын айтқанда, Мұғалжар ауылдық округінде жел қатты. Ақтөбе қаласында желдің жылдамдығы секундына 30 метр болса, ол жақта 35-ке жетеді. Сондықтан ауыл адамдарды үйлерінің төбесін профлистпен қаптамайды», - деді Мұғалжар аудандық білім бөлімінің басшысы Әлімжан Қорғанбай.
Айта кетейік, Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті ертең де желдің жылдамдығы 30 м/с жететінін хабарлады. Әлеуметтік желі арқылы алыс жолға шықпау, құрылысты тоқтатуға кеңес берілді.
«Кеше түнді шағын «ГАЗель» істен шығып, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ көмегімен жолаушылардың барлығы жылыту бекеттеріне жеткізілді. Кейін олар сапарын жалғастырды. Ешкім жапа шеккен жоқ. Үсік шалған адамдар туралы бізге хабарлама түскен емес», - деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Қасым.