Ақтөбеде қайырымды жандар ақша жинап, мұқтаж отбасына пәтер сыйлады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында «Ел үлесі - пәтерге» қайырымдылық шарасы жүріп жатыр. Бүгін жиналған қаржыға алғашқы баспана берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде қайырымды жандар ақша жинап, мұқтаж отбасына пәтер сыйлады

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі және «Зекет» қоры «Ел үлесі - пәтерге» жобасын бастады. Аса мұқтаж жандар үшін баспанаға қаржы жиналады. Ақша жинау үшін жастар мен облыс тұрғындары арнайы жәрмеңке ұйымдастырып, өз қолдарымен әзірлеген тағамдарын, тұрмыстық бұйымдарды сатты. Бүгін алғашқы қуаныш иесі белгілі болды. Таңдау Ақтөбе облысындағы Ембі қаласында тұратын Әділбек Рахметалинге түсті. ІІІ топ мүгедегі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.null

«Көпбалалы, мұқтаж отбасыларға көмек берудің ең тиімді, ұтқыр тұсы осы деп есептейміз. Кез келген адам баспаналы болуды армандайды. Сол арманды орындау үшін біз арнайы «Ел үлесі - пәтерге» жобасын қолға алдық. Бұл іске ақша тиындап жиналып, пәтер алуға жетті. Қолдау білдірген әр адамға алғыс айтамыз», - деді Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан.

Айта кетейік, осы жолмен 12 ауданнан үй алу жоспарланып отыр. Баспанаға мұқтаж адамдар туралы ақпарат жан-жақты жиналып, тек жағдайы қиын адамдар таңдалады.

Ал алғашқы баспанаға қол жеткізген Әділбек Рахметалин алғысын айтып, балалары үй сыйлағандарға арнап өлең арнады.