Ақтөбеде қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйінің өнерпаздары бұрынғы шіркеу ғимаратын паналап отыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қалалық қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйінде 7 үйірме бар. Мұнда зағип жандар ән айтып, өлең оқиды, театрландырылған көрініс қояды. Үнемі жалдамалы ғимараттарды паналайтын мәдениет үйі бүгінде шіркеуде отыр. Мұнда көшкеніне 5 жылдан асты. Ал зағип жандар болса жиналатын орынның аты ғана емес, заты да мәдени ошақ болғанын қалайды. Kazinform тілшісі зағип жандармен тілдесіп, еңбек жолымен танысты.
Естиді, ойға түйіп, түрлі киім-кешек тоқиды
Ақтөбе қалалық қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйіндегі үйірмелердің қатысушысы, домбырашы, әнші, тоқымашы Гүлшара Жалғасова мұнда 2013 жылы келді. Алдымен өнерпаздар қатарына қосылып, өнер көрсетті. Ал 2024 жылдан бастап сүйемелдеуші қызметіне орналасты. «Қазына» ұлт аспаптар ансамблінде домбырашы. Ал сыммен, ілмекпен тоқуды бала кезде анасы үйретті. Қазір трендтен қалмайды, сұранысы жоғары шәлі мен аяқ киімді де тоқиды.
- Мен туа бітті көрмедім. Соған қарамастан бәрін де бала күнімнен бастап үйреніп алдым. Оқушы кезде анам тоқыды, мен оған қатты қызықтым. Алғашында сыммен тоқыдым. Кейін ілмекті қолыма алып, жетік меңгеріп кеттім. Ілмекті ұстау, жіпті ілу, түрлі өрнек шығару жолындағы әдістің бәрін ресми атауымен меңгердім. Соның арқасында қазір аудио тыңдап, өзім жаңа дүниелерді тоқи беремін. Шеберлік сабақтарын алдымен мұқият тыңдап аламын, кейін соны қадам-қадамымен орындаймын. Тізбекке ілескенде жаңа дүние шығады. Ал қадайтын ілгек, әшекей болса жанымдағы адамнан көмек сұраймын. Трендтен қалмаймын. Оны қызым, әріптестерім, туысқандарым айтып, тапсырыс беріп отырамын. Түрлі шәлі, жеңсіз, аяқ киім де тоқыдым. Бас киім, мойын шалғы да бар. Кішкентай балаларға көйлек тоқып шықтым, - деді Гүлшара Жалғасова.
Ізденісті жақсы көреді. Іске кіріспес бұрын міндетті түрде зерттеп, зерделеп алады. Ақылы шеберлік сабақтарына да қатысады. Сонымен бірге жаңа технологияны еркін меңгерген. Ұялы телефонның зағип жандарға арналған тетігін қолданады.
- Аудио кітапты көп тыңдаймын. Ұққаным, адамды ұстап тұратыны – қорқыныш. Бір нәрсені армандайсың, мақсат қоясың. Бірақ «орындалса не істеймін» деген қорқыныш болады. Үйреншікті күйде, жайлы ортада отыра берсе тыныш өмірі жалғасады. Тек мүгедектігі бар адамдар емес, адамның көбі өзгерістен, жаңашылдықтан қорқады. Шектеу тек – мида. Соны ұқса, алға қарай ұмтылса, жетістікке жетсе, бұрынғыны еске алса, күші артады, - деді ол.
Гүлшара Жалғасова Ақтөбедегі №30 орта мектепте оқып, білім алды. Колледжге баруды жоспарлады. Алайда тасымалдап, жәрдем беретін көмекші болмаған соң кешкілік мектепті таңдады. Ал 2009 жылы ана атанып, кейін қайта оқуға бел буды. Колледждің заңгер мамандығын меңгеріп, 2015 жылы Қазақ зағиптар қоғамдық бірлестігіне жұмысқа орналасты. Басшылық қызметті атқарып, кітапхана, мәдениет үйімен байланыс орнатты.
- Қоғамдық бірлестікке мүше болған әр адамға «мәдениет үйіне бар, ән айт, өлең оқы, кітапханаға барып, кітап оқы» деп айтып, бағыттап отырдым. «Көзі көрмейді» деп айту қате. Бәлкім ақын шығар, бойында ән айтатын дарыны бар болуы мүмкін. Спортқа икемді болмаса да көңілін бөледі, үйренеді. Қазір спортта да, мәдениетте де үздіктер шықты. Жұмысым текке кетпегені ғой. Жетістігін көріп, қуанамын. Өзім де «мені танытқан, жолымды ашқан мәдениет үйі» деп айтамын, - деді ол.
Домбыра, қобыз, баян...
Қалалық қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйінде «Әжелер» вокалдық тобы, «Қазына» ансамблі, «Шабыт» вокалдық тобы, «Көркемсөз» үйірмесі, «Шаңырақ» отбасылық клубы, «Театр» үйірмесі, «Вайб» вокалдық тобы бар. Соның ішінде «Әжелер» вокалдық тобы, «Қазына» ансамбліне ата-әжелер мүше. Бәрі де арнайы инватаксимен қатынып, аптасына екі рет ән айтып, концерттерге дайындалады.
- Өзім 64 жастамын. Көзім 1998 жылдан бастап көрмей қалды. Ол кезде елде дағдарыс болды, жұмыс жоқ. Көзім ауырып, емделмеді. Оған дейін жүргізуші, механизатор болған едім. Көзім көрмей қалған соң зағиптар қоғамына кіріп, кітапханаға бардым. Бірақ менің орным сахна екен. Ән айтқанды жақсы көремін. Аптасына екі рет, кейде шақырғанда келемін. Біз мұнда келу үшін күні бұрын инватаксиге тапсырыс береміз, - деді Жанат Жаманбаев.
Ол үнемі дыбыс шығаратын құрылғысын алып жүреді. Балалары ән таңдап, қосып береді. Жанат Жаманбаев ұйып тыңдап, сөздерін жаттап алады.
Ал Жансұлу Ұлықпанованың мәдениет үйіндегі үйірмеге келіп жүргеніне 10 жылға жуықтады. Бұрын мәдениет үйі Ақтөбе қаласының Сүт зауыты ауданында орналасқан ғимаратта болды. Кейін Мәскеу ауданындағы шіркеу ғимаратына көшті.
- Мен хормен бірге, жеке де ән айтамын. Тобымызда онға жуық әже бар. Көбіне халық әндерін орындаймыз. Ұйымдастырушылар әнді алдын ала таңдап, сөзін жаттауға береді. Жаттаған соң жиналып, дайындаламыз. Бұл біздің екінші үйіміз іспетті. Мейрам, мереке сайын концерт қоямыз. Ансамбль мүшелерінің жасы 50-ден асқан, 80-ге толған. Тек ғимаратымыздың жайы алаңдатып отыр. Шіркеу ғимаратының іші қыста салқын, ән айтқанда жаңғырып тұрады. Үлкен адамдардың ғимаратқа кіріп, шығу қиын. Шіркеу екені сезілсе де амал жоқ, келеміз, - деді Жансұлу Ұлықпанова.
Баянсұлу Темешова Ақтөбедегі музыкалық училищені оқып, қобыз тартуды меңгерді. Ондаған жыл бойы Батыс Қазақстан облысында еңбек етті. Кейін зейнетке шығып, жолдасы көз жұмған соң Ақтөбеге қоныс аударды. Мұнды музыкалық училищеде бірге оқыған группаласымен бірге бір ұжымда жүр.
- Өнер – тәрбие. Біз зейнетке шықтық. Үйде отырсақ та болады. Бірақ біз жастарға үлгі, өнеге болғымыз келеді. «Менің атам, менің әжем өнер ортасында болған, көп жерге барды» деп айтып, қызығушылық танытуы керек. Жастарды бірге тәрбиелесек, жаман болмайды. Аптасына екі рет жиналамыз. Вокал тобындағы, ансамблдегі әжелер ән айтады. Мен қобызбен сүйемелдеймін. Ол үшін жалақы алмаймыз. Өнерден нәр аламын. Ойланып, ойға батпаймын. Ұжым бар, бірге уақытты тиімді өткіземіз,- деді қобызшы Баянсұлу Темешова.
Қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйі бұрынғы шіркеу ғимаратын жалға алып отыр
Ақтөбе қалалық қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйінде 13 адам жұмыс істейді. Екі әдіскер, бір көркемдік жетекші мен әдіскер, үйірме ұйымдастырушысы еңбек етеді. Көбі жарты күндік жұмыс атқарады.
- Бұл ғимаратты 2020 жылдан бастап жалға алып отырмыз. Ай сайын 370 мың теңге төлейміз. Мұнда «Қазына» халықтық ансамблі бар. Үш жыл сайын халықтық статусын қорғап отырады. Сонымен бірге «Әжелер» вокалдық тобы құрылған. Жұмыс істейтін зағип жандардың өнері өте керемет. Тек оларға қажетті сахна киімі жоқ. Лэд экран қарастырылмаған. Соған қарамастан ұзақ жылдар тынбай еңбек кетіп келе жатқан Мәлік Құсайынов «Ерен еңбегі үшін» медалін алды. Бұл - лайықты марапат, - деді Ақтөбе қалалық қазақ зағиптар қоғамы Мәдениет үйінің директоры Асылгүл Ермұхамедова.
Ол бұл қызметке 2 ай бұрын ғана кірісті. Демеушілер шақырып, конкурс та өткізді.
Шіркеу ғимаратының бір үлкен бөлмесі – сахна. Екінші бөлмеде музыкалық аспаптар тұрады әрі мәдениет үйінің басшысы мен қызметкерлері отырады. Одан өзге киім ауыстыру, бояну бөлмесі қарастырылмаған. Ал жертөледегі ақтық сапарға шығарып салу бөлмесі сол үйі сақталған. Иесі жертөлесін өзгертпей, сол күйі сақтаған.
- Талант бар, соған сай ғимарат пен аспабы, сахналық киімі болса екен дейміз. Бұл зағип өнерпаздар үшін өте маңызды. Қазір жөнді киімі, аспабы жоқ. Тасымалдауға автобус қарастырылмаған. Бәрі де инватаксиге тапсырыс беріп, келеді. Ғимаратымыз шіркеу. Осының бәрі ескеріліп, бізге басқа ғимарат берсе екен дейміз,- деді Асылгүл Ермұхамедова.
Еске салсақ, былтыр Ақтөбеде зағиптар қоғамы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған спектакль қойды.