Ақтөбеде кейбір оқушылар соңғы қоңыраудың соғылғанын «естімей қалды»
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы № 55 орта мектепте өткен салтанатты шарадан соң әлеуметтік желіде талас туды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеше соңғы қоңырау соғылып, оқушылар бүгін демалыста жүр. Дегенмен Ақтөбе қаласындағы № 55 орта мектепте өткен салтанатты шарадан соң әлеуметтік желіде талас туды. Желі қолданушысы Эльвира Сисенова: «Соңғы қоңырауға жылдық бағаларында 1-2 үштігі бар бүлдіршіндер неге қатыстырылмады? Неге Заречныйдағы (Ақтөбе қаласы - ред.) №55 орта мектепке келуге тыйым салынды? Əкіммен кездесуге тек үздік оқушылар тартылып, орташа оқитын оқушылар соңғы қоңырауға қатыстырылмады? Неге? Мұғалімдер өзі баланың өзіне деген бағасын төмендетіп жатыр. Әкім де сол балалар сияқты адам емес пе. Психологтар қайда қарап отыр? Ата-аналар мұндайға жол бермеулері керек. Әр бала мектепте өткізілетін шараларға қатысуға лайықты. Балаңыздың мектепке деген қызығушылығын төмендетпей, баланы апару керек. Далада болатын соңғы қоңырауды аяғаны ма сонда? Әлде таза ауа жетпейді деп қорқады ма?»,- деп жазды ол.
Содан кейін өзін №55 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымын деп таныстырған желі қолданушысы Маханова 24 мамыр күні үздік оқушыларға мақтау қағазы берілгенін, ал 25 мамыр күні салтанатты түрде соңғы қоңырау өткізілгенін жазған. «Жиынға келген оқушылардың барлығы қатысты. Ешкімге шектеу қойылмады. Жоғарыдан ешқандай бұйрық болған жоқ»,- деп ойын қорытындылаған ол.
Соңғы қоңыраудан соң шыққан шуға қалалық білім бөлімінің басшысы Индира Бексұлтанова да жауап берді.
«№55 орта мектепте соңғы қоңырау екі кезеңмен өткізілді. 24 мамыр күні оқу жылы қорытындыланып, сынып сағаттарында жазғы кезеңдегі лагерьлер туралы айтылды, үздік оқушылар марапатталды. Ал 25 мамыр күні түлектерге арналған салтанатты шара болды. Оған жоғары сынып оқушылары қатысты. Бәріне 25 мамыр күні ғана қоңырау соғылу керек деген қағида жоқ. Көптеген мектептер кезең-кезеңімен өткізеді. Бір күнде 35-40 минутқа созылатын шарада 250-300 үздік оқушыны марапаттау мүмкін емес», - деді Индира Бексұлтанова.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласындағы №55 орта мектепте өткен соңғы қоңырау шарасы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, түлектерге ақжол тілеген болатын.