Ақтөбеде ҚХР Бас консулдығы ашылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында Қытай Халық республикасының Бас консулдығы ашылды. Ашылу салтанатына ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо қатысты.

Ақтөбедегі Қытай  консулдығы
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо алдымен облыс әкімі Асхат Шахаровпен кездесті. Кездесуде экономика, сауда және мәдени байланыстар саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. 

Ақтөбедегі Қытай консулдығының ашылуы
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Өңір басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық тұрақты түрде дамып келе жатқанына назар аударды. Ақтөбе облысында Қытай кәсіпкерлерінің қатысуымен 70-тен астам бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр. Ақтөбе облысының бұл елмен сыртқы сауда айналымы 2024 жылдың қаңтар-мамыр айларында 472,7 млн АҚШ долларына жетіп, былтырғы көрсеткіштен (402,2 млн доллар) асып түсті. Экспорт 401,6 миллион АҚШ долларына дейін (өткен жылы 325,8 миллион доллармен салыстырғанда) өсті. Асхат Шахаров Қытайдың инвестициялық қауымдастығын бірлескен жобаларға қатысуын кеңейтуге шақырды. 

Кейін Ақтөбе облысының әкімі мен ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо ҚХР Бас консулдығының ашылу салтанатына қатысты.

Ақтөбедегі Қытай консулдығы
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

- Бұл күннің қытай-қазақ арасындағы қарым-қатынас жылнамасына жазылары сөзсіз. Екі елдің достық байланысын одан әрі нығайтуға жасаған қадам деп те айтуға болады. ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапарынан соң Бас консулдықтың ашылуы екі ел арасындағы кәсіпкерлер мен туристердің артуына септігін тигізері хақ. Сондай-ақ 2025 жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы деп келісілгені белгілі. Демек инвестициялық өсім болып, қытайлық туристердің көптеп келуіне мүмкіндік жасалады. Былтыр Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болды. Екі ел арасындағы тауар айналымы 41 млрд долларды құрады. Ал биыл бірінші жартыжылдықта тағы 18% өсті. Ақтөбедегі Бас консулдық осы жұмысты әрі қарай жандандырып, аймақаралық қарым-қатынасты нығайта түседі әрі іскерлік және мәдени-гуманитарлық байланысты арттырады,- деді ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо. 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров та шараның маңызына тоқталды.

Ақтөбе облысының әкімі
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

- Екі ел – стратегиялық серіктес әрі арада достық қарым-қатынас берік орнаған. Оған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуі дәлел. Бүгінгі шара сол кездесудегі келісімнің жалғасы деп білеміз. Бизнес, сауда-экономикалық қарым-қатынас пен туризмге оң әсерін тигізеді. Жыл өткен сайын байланыс нығая түседі деп есептейміз. Дәл осындай консулдық Сиань қаласында да ашылды. Ол консулдық та байланысты нығайтуға септігін тигізеді,- деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Айта кетейік, Ақтөбеде үйлестіру пункті де жұмысын бастайды.