Ақтөбеде қызылша вирусын жұқтырғандарға тағы бір емдеу орны берілді
Ақтөбе қаласында қызылша дерті өршіп тұр. Облыстық инфекциялық ауруханадағы кереует толып, «Шағала» сауықтыру орнынан 80 кереуеттік орын жасақталды, деп хабарлайды Kazinform.
Ақтөбе облысы бойынша биыл 800-ден астам адамнан қызылша анықталып, түрлі ем қабылдады. Қазіргі кезде облыстық инфекциялық ауруханада 81 адам ем қабылдап жатыр. Олардың көбі – бала.
«Бүгінгі күні облыстық инфекциялық ауруханада 81 адам жатыр. Оның 68-і бала, өзгесі ересек. Жалпы ақпан айынан бастап 828 адамнан вирус анықталды. Бір адам Түркиядан жұқтырып келіп, әрі қарай ұлғайып кетіп отыр. Эпиджағдайға байланысты облыстық инфекциялық ауруханада 75 кереует бар. «Шағала» сауықтыру орнынан тағы 80 кереует ашылды. Балалар дертті жеңіл өткерсе, үйіне жібереміз. Ал ларингит, фарингит, бронхиолит, пневмония болса, балалар ауруханаға жатқызылады. Аудандарда жағдай тұрақты. 15 науқас жатыр. Олар Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар аудандарында», - деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.
Қазір эпидемиологтар мен дәрігерлер вакцина қабылдауға шақырып жатыр. Өңірге 30 мың доза вакцина жеткізілді. Ол үшін республикалық бюджеттен 90 млн теңге қаржы бөлінген.
«Вакцина қабылдамаған адамдарға екпе салынып жатыр. Сонымен бірге жасы 55-ке толмаған медицина қызметкерлері иммундау шарасына қатысады. Шамамен қараша айының ортасында шарықтау шегіне жетіп, кейін басылады деп болжап отырмыз. Өйткені вакцина алған адамдардың иммунитеті екі аптадан кейін ғана вирусқа төтеп бере алады. Қазіргі кезде вакцина алмаған бала көп. Көбінің ата-анасы діни сенімге басымдық беріп, баласына салдырмайды. Түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр», - деді Рүстем Исаев.