Ақтөбеде қызылша жұқтырған 100-ден астам адам ауруханада ем алып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысы бойынша қазіргі кезде 101 адам ауруханада ем алып жатыр. Оның 83-і — бала.

скарлатина
Фото: Pexels

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, биыл облыс бойынша қызылша жұқтырғандарды емдеу үшін 327 кереует дайындаған.

Оның 80 пайызға жуығы балаларға арналған. 

— Ақтөбе фтизиопульмонологиялық орталығының оңалту бөлімінде 215 керует бар. Оның 25-і ересектер, 190-ы балалар үшін. Сонымен қатар аудандар бойынша барлығы 101 керует бөлініп отыр. Қазіргі таңда облыста қызылша жұқтырған 101 адам стационарда ем алуда. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес былтыр қараша айынан бастап 46 171 адам қызылшаға қарсы екпе алды. 6 ай-10 ай 29 күнге толған балалар саны 6 мыңнан асса, 2-4 жас аралығындағы балалар саны 35,2 мыңды құрады. Сонымен бірге 2 мыңнан астам медицина қызметкері қайта екпе салдырды, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Ақтөбе облысындағы емханалардың учаскелік дәрігерлері жағдай бірқалыпқа түсе бастағанын айтып отыр. Бұған дейін күніне 5-10 адам көмек сұраса, қазір 10 күнде бір баладан қызылша анықталған. 

— Көбіне вакцинадан бас тартқан адамдар қызылша жұқтырды. Біздің аумақта 80-нан астам бала болса, соның тең жартысына жуығы ауырды. Сонымен бірге 6 айға толмаған балалар жұқтырды. Себебі алғашқы вакцина оларға 6 айында салынуы тиіс. Ал балалар 4-5 айлығында ауырып қалып жатты. Екпеден бас тартқан бала жұқтырса, 1-2 ай бойы емделіп жатыр. Себебі асқынып, көбі бронхит болды. Қызылшамен ауырған кезде өкпенің шырышты қабаты қабынып, жөтел кетпей жатыр. Мұндайда дәрумен беріп, иммунитетті көтереміз. Бұрын күніне 5-10 адамнан анықталса, қазір он күнде бір баладан тіркеліп тұр, — деді Ақтөбе қаласы Ясный тұрғын алабындағы емхананың жоғары дәрежелі педиатрі, невропатолог Мөлдір Арықбаева.

Соңғы жаңалықтар