Ақтөбеде қызылша жұқтырған 200-ден астам адам ауруханада ем қабылдап жатыр
Ақтөбе облысы бойынша 208 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның 177-і бала, деп хабарлайды Kazinform.

Биыл Ақтөбеде 3 мыңнан астам адамда қызылша жұтырған болуы мүмкін деп тексерілді. Көбісі Ақтөбе қаласында.
- Облысымызда ғана емес, елімізде қызылша бойынша жағдай қолайсыз. Бізде бүгінгі күнде 312 кереует дайындалды. Оның 248-і балаларға арналды. Облыс орталығымен қатар 13 аудандық ауруханада 100-ден астам кереует бөлінді. Қазіргі кезде облыс бойынша 208 адам ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Ақтөбе қаласы бойынша 154 адам тіркеліп, ем алуда. Қазіргі кезде 1 жастағы балаларға вакцина салдыру көрсеткіші 82,7% құрап отыр. Ал 6 жастағы балаларды ревакцинациялау көрсеткіші 80% асты,- деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева.
Қазіргі кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасында ахуалдық орталық құрылып, бақылау күшейтілді. Ем хаттамаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Жансақтау бөлімінде жатқан ешкім жоқ.
- Білім беру ошақтарын карантинге жабу қарастырылмаған. Мәселен өңірде 400-ден астам мектеп болса, оның 110-да қызылша жұқтырған оқушы тіркелді. Сонымен бірге 229 балабақшадан вирус жұқтырған балалар анықталды. Бәрі біз мезгілде ауырмады, сондықтан карантинге жабылмайды, - деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.