Ақтөбеде қызын зорлады деп айыпталған әке 20 жылға сотталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбеде қызын зорлаған 48 жастағы ер адам 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мәжбүрлі түрде емделеді.
![Ақтөбеде қызын зорлады деп айыпталған әке 20 жылға сотталды Ақтөбеде қызын зорлады деп айыпталған әке 20 жылға сотталды](/static/img/plug.webp)
Қылмыстық іс Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Іс материалына сүйенсек, 48 жастағы ер адам Қостанай облысының тумасы болғанымен Ақтөбеде тұрған. Орта білімді, жұмыссыз ер адамның отбасы бар. Оған Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігімен айып тағылды.
«Сотталушы И. Х-ты айыпты деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Педагогикалық және жасөспірімдермен жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылсын. Жазасын өтеу орны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесі деп белгіленсін. Психотропты заттарды тұтынуына байланысты психиатрға мәжбүрлі түрде емдеуге жіберілсін», - деді судья Н.Бақтығалиев.
Оқиға 2021-2023 жылдары аралағында болған.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде 14 жастағы қызды зорлауы ықтимал күдіктілер үйқамаққа алынды.