Ақтөбеде қоғамдық штаб мүшелері күн сайын эвакуациялық пункттегі тұрғындармен кездеседі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қоғамдық штаб мүшелері Ақтөбе қаласындағы 7 эвакуациялық пунктке кезекшілік етеді. Мұнда қазір тұрғындар бағалау комиссиясының қорытындысын күтіп жатыр.

Ақтөбе қалалық қоғамдық штабы
Фото: Ақтөбе қалалық қоғамдық штабы

Ақтөбе қаласы бойынша 7 эвакуациялық пункт жұмыс істеп тұр. Онда 1105 адам бар. Оның 511-і бала, өзгесі ересек. 

Ақтөбе қалалық қоғамдық штабы
Фото: Ақтөбе қалалық қоғамдық штабы

«29 наурыз бен 10 мамыр аралығында Ақтөбе қаласы Алматы және Астана аудандары әкімдігіне 3707 арыз түсті. Астана ауданында 106 арыз (60 тұрғын үйі, 33 саяжай үйі, 13 бизнес нысаны), Алматы ауданында 3601 арыз (324 тұрғын үйі, 3230 саяжай үйі, 47 бизнес нысаны) бар. Комиссия екі аудан бойынша 3621 нысанды аралап өтті. Тәуелсіз бағалау комиссиясы 2741 үйді қарап, материалдар жинақтап жатыр. Алматы ауданы бойынша 2700 үйге (280 жеке үй, 2420 саяжай үйі) техникалық тексеру жүргізілді. Оның ішінде 36 саяжай үйінің жарамсыздығы анықталды. Бүгінгі күні Алматы ауданының әкімдігі 106 отбасына, яғни, жеке үй иесіне 318 млн теңгеден астам өтемақы аударды. Ал Астана ауданы бойынша 41 үйге (31 жеке үй, 10 саяжай үйі) техникалық тексеру, бағалау жүргізіліп, 39 отбасына 121 млн теңгеден астам өтемақы төленді»,- деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.

Сонымен қатар 2060 отбасы біржолғы төлемді алды.

«Қаладағы барлық эвакуациялық пунктте қоғамдық штаб мүшелері бар. Сонымен бірге Ақтөбе қалалық әкімдігінің бөлім басшылары да сол эвакуациялық бекетке барып, тұрғындармен кездесіп тұрады. Онда адамдар жеке-жеке мәселесін айтып, шешу жолдары қарастырылады. Мәселен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінде білім алатын студенттің ата-анасы хабарласып, көмек сұрады. Бұған дейін оқу ақысын уақытылы төлеген. Су тасқыны кезінде қиындық туындап, қазір келіссөз жүріп жатыр. Жалпы көбісі техникалық бақылаудан кейін бағалаушы компаниялардың есебін алған. Актіге қол қойып, ақшаны алған соң жөндеу жүргізуге келісіп отыр»,- деді Ақтөбе қалалық мәслихат депутаты, қоғамдық штаб мүшесі Жаңалық Ахаш.

Ақтөбе қаласы бойынша бағалау комиссиясының қорытындысы шығатын кесте белгілі. Алайда бағалау комиссиясы ерте есеп беріп, тұрғындарға құжатты таныстырып жатыр.

«Техникалық бақылаушының тексеруінен соң бағалау комиссиясының қорытындысын көрген адам актіге қол қоймай, сотқа да жүгіне алады. Бұл – оның құқығы. Заңгерлер оны түсіндіріп жатыр. Сонымен бірге бау-бақша ұжымында тұратын адамдар үйінің құжатын реттемеген. Өзім баратын М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті жатақханасында осындай 20-ға жуық отбасы бар. Кейбірінде құжат мүлде жоқ, кейбірі дұрыс емес. Олардың мәселесі өңірде құрылған «Қамқор Ақтөбе» қорына бағытталады. Осы эвакуациялық бекеттегі екі әжені ауруханаға жатқызып, буындарын емдеуге де келісіп отырмыз. Эвакуациялық пункттегі тұрғындар телефон нөмірімізді біледі, біздің тараптан кезекшілік те бар»,- деді қоғамдық штаб мүшесі Жаңалық Ахаш.

Оның айтуынша, бұған дейін су кірген аумақта пәтер жалдан тұрған адамдар да эвакуациялық пунктте орналасқан. Олар пәтерін жалға берушілермен өзара келісіп, шығынды өтеу кезінде ортақ мәмілеге келуі керек. Себебі біржолғы төлем, өтемақы ресми үй иесіне беріледі.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласындағы эвакуациялық пункттердің бәрі оқу орындарының жатақханасында орналасқан. Мұндағы тұрғындар сол маңдағы дәмханадан тегін тамақтанады.

Соңғы жаңалықтар