Ақтөбеде қоғамдық көліктің жолақысы қымбаттайды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе қаласындағы қоғамдық көліктің жолақысы 80-90 теңге болуы мүмкін. Өңірдегі жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялардың ұсынысын облыстық мәслихат қарап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласында жолаушылар тасымалымен айналысатын «Автопарк» ЖШС мен «Қалалық жолаушылар тасымалы кәсіпорны» ЖШС бүгін тарифті көтеруге ұсыныс бергендерін жеткізді. Қазір қос компанияның ұсынысын облыстық мәслихат қарап жатыр.
«Соңғы жылдары тарифті көтеру туралы ұсыныс беріп келеміз. Соңғы рет жолақы 2014 жылдың мамыр айына көтерілді. Содан бері тасымалдаушы компанияның шығыны 150, кей жерде 200 пайызға өсті. Қала тасымалындағы 55 теңге өте арзан әрі шығынды жаппайды, автопарктің техникасын жаңартуға жетпейді, еңбекақы көтере алмаймыз»,- деді «Автопарк» ЖШС заңгері Руслан Жылқаманов.
Ақтөбе қалалық әкімдігі автопарктерге автобустарды жаңартуға тапсырма берген болатын. Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Қалалық жолаушылар тасымалы кәсіпорны» ЖШС-і 70 автобус сатып алды. Ал «Автопарк» ЖШС-і жаңа 35 автобус әкелді.
«Тамыз айының алғашқы жартысында тариф көтеріледі деп жоспарлап отырмыз. Ақтау, Атырау, Қостанай облыстарына қарап, жолақы 80-90 теңге болады деген болжам бар. Тариф көтерілсе, электронды билет енгізу міндеті қойылады. Бұл - қалалық әкімдіктің талабы»,- деді Жылқаманов.