Ақтөбеде қоқыс шығару құны екі есе қымбаттады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде қоқыс шығару қымбаттады. Бүгін мәслихат депутаттары жаңа тарифті бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықты тасымалдау компаниялары тарифті үш есе қымбаттатуды сұрады. Бүгін қалалық мәслихат депутаттары үш компанияның ұсынысын қарап, шешім шығарды.
«Қазіргі уақытта қалада қоқыс шығару мәселесі тұрақталды. Тұрмыстық қатты қалдықты шығару міндетін өз мойнына алған үш компанияның өз техникасы бар. Олар 40-тан астам қоқыс шығаратын көлік пен 20 арнайы машина сатып алды. Енді пәтер иелерінің тізімін қайта жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Үш компания көпқабатты үйлердегі қоқыс шығару құнын әр адамға 305 теңге, ал жеке тұрғын үйлерге 349 теңгеге көтеруді ұсынды. Сараптама қорытындысы кезінде Ақтөбе қаласындағы қоқыс шығару құны ең арзан болып шықты. Мәселен, Оралда - 215, Шымкентте - 200, Қарағандыда - 221 теңге. Тұрғындармен кездесіп, тариф туралы айтылды. Жиында тарифті көпқабатты тұрғын үйлерге 180, ал жеке үйлерге 200 теңге етіп көтеру бастамасы қолдау тапты»,- деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ибраим Күзбаев.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласындағы қоқыс шығаратын компаниялардың бірі жұмысын тоқтатып, екіншісі қызмет көрсетуден бас тартты. Мамыр айынан бері қала аумағы 10-ға бөлініп, мердігер компаниялардың тізімі жарияланды. Арнайы техникасы жоқ компаниялар екі айдан соң қызмет көрсетуден бас тартып, қала қоқысқа тола бастады. Қазір қала территориясы 4 бөлікке бөлініп, 3 компания қызмет көрсетіп жатыр.